ОЛАР ОРАЛМАН ЕМЕС

Елге ел қосылса — құт

Ел дамуының негізгі са­ласы – демография. Қазір, Аллаға шүкір, елі­міздің тұрғындары 19 мил­лионға жетті. Әйтсе де, осынау ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын кең-байтақ жерді жиыр­ма миллионға жетпейтін халық­пен еркін игере аламыз ба? Посткеңестік көршілерімізбен салыстырғанда сандық өсі­мімізде төмен көрсеткіш байқалады. Мы­салы, 1967 жылы  Қазақстанда 12,4 миллион, Өзбекстанда 10,8 мил­лион халық болған екен.  Арада елу жыл өткенде, яғни, 2017 жылғы есеп бойынша Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есеге көбейіпті. Түрікменстан, Тәжікстан,  Қырғызстан  халқы да үш есе өскен. Өкінішке қарай, біз бар болғаны жарты есе ғана өсіп, 19 миллионнан  әрең асып отыр­мыз.

Тұрғындар саны өспеуіне тағы да бір себеп – елді тастап шетке кө­шушілер көп. Орыс азаматтарының ертелі-кеш өз Отанына оралары айдан анық еді. Қазір  Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарының саны 50-ге жетпейтін 100 шақты елдімекен бар екен. Олар бүгін болмаса ертең жабылады, тіршілігін тоқтатады деген сөз. Иен даланың елсіз құты кірмес. Сондықтан халық санын көтеру — күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Осы тұрғыда шетте жүрген қандастардың көшін көлікті етіп, елге келіп етек-жеңі қабысып, етене араласып кетуіне жағдай жасасақ. Қытай, Моңғол, Өзбек, Ауған жерлерінде тарыдай шашыраған тамырластар туған жерге ту тіксе, мұртымызды балта шаба ма?!

Аласапыран жылдардың дауылымен ауа көшкен бауырларымыз «амал, айла таусылып, тарыққаннан» жат елді, жат жерді мекендеуге мәжбүр болды. Бұрқасында баспана таппай, дауылда дамыл көрмей көшкен тағдырлары туралы тереңірек білгіңіз келсе Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» деген еңбегін алып оқыңыз.

Бір қуанарлығы – өзге елде жүрсе де, тілі мен дінін, ділін ұмытпай, қазақы қалыптарын қаймағы бұзылмаған күйде сақтай білді. Жүректері, ниеттері, тілектері елмен бірге болып, «шіркін, тәуелсіздіктің таңы атып, еркіндіктің күні күліп, елімізге оралар сәт туса» деп арман қылды. Тіледі, жылады, армандай күтті. Сол көптің тілегін Тәңір қабыл етіп, Қазақ елінің тәуелсіздігі жайлы ақжолтай хабар жер-жердегі күллі исі қазақ баласының кеудесіне қуаныш құйғанда, қаракөз қандастарымыздың алғашқы көші сап түзеп, отанымызға келіп кірді. Сай-саланы бойлай аққан ұсақ өзендердің үлкен теңізге келіп тоқайласқанындай жан-жақтан ағылып келіп жатты.

Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған бізге қарағанда, бір уыс топырағына жете алмай зарыққан бауырларымыз артығырақ білетіні ақиқат. Қазақ жеріне алғаш аяқ басқан кездегі қиындықтарына өзіміз де куәміз. Туыс бола тұрып олардың қара ормандай қазақ арасына сіңіп кетуі қиындау болғанына қынжыласың.

Тәуелсіздіктің алғашқы самалымен асыға жеткен қарлығаштай Тәжікстаннан бір отбасы ауылымызға қоныс аударды. Арада қанша уақыт өтсе де ауылдастары «Тәжік ата», «Тәжік шал» деуін қоймады. Сонда әлгі кісінің:

— Тәжікстанда жүргенде қазақ едім, Қазақстанға келіп «тәжік» болдым-ау, — деп нали айтқан сөзін кәрі-жас түгел есітті.

Биыл ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Оралман» атауының орнын «Қандас» сөзімен ауыстыруды ұсынды. Расында да, «оралман» деп сәт сайын сырттан оралғандарын еске түсіріп еңсесін басқанша, «қандас» деп қадірлейік. 130 ұлт пен ұлысты бауырына басқан меймандос қазаққа бұл қиын бола қоймас.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.