Олжас Бектенов: әкімдердің жұмысын тұрғындардың тұрмысын жақсартудың нақты индикаторлары бойынша бағалайтын боламыз
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру арқылы елімізде өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде кеңес өткізді. «Отбасының цифрлық картасын» одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды, сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян», «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру» жобалары көрсетілді.
Үкімет басшысы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту критерийі бойынша әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізуді тапсырды.
Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде шұғыл және дағдарыс деңгейінен қанағаттанарлық және бақуатты деңгейге дейінгі бес санат бойынша барлық қазақстандық отбасының әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізілетін болады. Отбасылардың қанағаттанарлықсыз санаттан жақсаруға көшу динамикасына және керісінше көрсеткішке байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланады. Бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасының қазіргі нәтижелерін БҰҰ мен жетекші халықаралық институттар оң бағалады.