ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ҚАТЫСАТЫН СПОРТШЫЛАРҒА ЖЕҢІС ТІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Токио қаласында алауы жанатын жазғы олимпиада ойындарына Түркістан облысынан қатысатын спортшыларды қабылдап, жеңіс тіледі. Қазақстан ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсететін Түркістан облысының 5 спортшысы ел намысын қорғайды. Бұл облыстар арасындағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Кездесуде демеушілер есебінен әрбір спортшыға 1 млн.теңге, олардың бапкерлеріне 300 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Өмірзақ Естайұлы Олимпиададан жеңіспен оралған спортшыларды үлкен тосын сый күтіп тұрғанын айтты.
Дүние жүзінің спорт сүйер қауымының назарын аудартатын төртжылдықтың басты додасында Түркістан облысынан боксшы Сəкен Бибосынов, дзюдодан Дидар Хамза, байдарка жəне каноэ есуден Наталья Сергеева, параканоэдан Бибарыс Спатай мен академиялық есуден Азия құрлығы елдерінде көш бастаған спортшы Владислав Яковлев бақ сынайтын болады. Талай тартысты додадан озық шығып, Олимпиаданың лизенциясын жеңіп алған спортшыларға Түркістан облысының əкімі Өмірзақ Шөкеев сәттілік тілеп, ақыл-кеңес берді.
«Әрбір жеңіс-үлкен еңбектің жемісі. Жеңіске деген нық сенім болу керек. Түркістан облысының 2 миллион халқы – сіздердің жанкүйерлеріңіз. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде спортшыларымыз еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғап, ғаламат жетістіктерге жеткізді. Сол жеңімпаздардың жолын берсін. Құрылғанына енді ғана 3 жыл болған Түркістан облысының алғашқы Олимпиада жеңімпаздары ретінде тарихта қалатындарыңызға сенімдімін. Сіздерді жеңіспен күтеміз»,-деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімімен кездесу барысында спортшылар жоғары деңгейде дайындықпен жолға шығып, жеңіспен оралатындарына сенім білдірді.
«Біз тек жеңіс үшін күресеміз. Кез-келген спортшының арманы – Олимпиадада жеңіс тұғыран көріну. Сондықтан бұйырған мүмкіндікті жіберіп алмау үшін бар күшімізді саламыз»,- деді байдарка жəне каноэ есуден Олимпиада лицензиясының жеңімпазы Наталья Сергеева.
Айта кетейік, әлемдік пандемияға байланысты бір жылға шегерілген жазғы Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында өтеді. Лицензияға ие болған барлық спортшылар коронавирусқа қарсы екпе алды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі