ӨНЕРКӘСІПТІК КӘСІПОРЫНДАР ЦИФРЛАНДЫРУҒА КӨШУДЕ
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың цифрландыруға әзірлігін бағалау мақсатында (Фраунгофер атындағы институттың әдіснамасы бойынша) 600-ден астам кәсіпорынға жүргізілген кешенді сауалнама өңдеуші кәсіпорындардың 80 %-дан астамы және өндіруші өнеркәсіп кәсіпорындарының 60 %-ы Индустрия 2.0 (жартылай автоматтандырылған операциялар) деңгейінде немесе автоматтандырылған өндіріске көшу кезеңінде тұрғанын анықтады. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіпте 3 % және тау-кен өнеркәсібінде 21 % – Индустрия 3.0 деңгейінде немесе толығымен автоматтандырылған.
Ресми статистиканың деректері бойынша Қазақстан Республикасының инновациялық қызметінің көрсеткіштері индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары іске асырыла бастағаннан бері оң серпін көрсетуде. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының инновациялық белсенділігі 2010 жылдан бастап 2018 жылға дейін 3 есе, 4,6 %-дан 15,8 %-ға дейін артты. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптегі технологиялық
инновацияларға арналған шығындар 610,8 млрд. теңгені құрады (2014 жылы 202,9 млрд. теңге).
Өңдеуші өнеркәсіпте өндірілген инновациялық өнім көлемі 2018 жылы 2010 жылмен салыстырғанда 7,5 есеге артып, 930,1 млрд теңгеге жетті. Инновациялық өнімнің экспорты 2015 жылы 31 427,8 млн. теңгеден 2018 жылы
161 671,9 млн. теңгеге дейін 5 еседен астамға артты.