ОҢТАЙЛЫ ҚЫЗМЕТ, ОҢАЙ ЖҮЙЕ
Мемлекетіміздің заман талабына сай дамуы, экономикасы мен қоғамдық қарым-қатынастары өркендеген елдердің қатарына кіруі – тәуелсіздіктің басты мақсаты. Осы орайда елімізде көптеген игілікті істер атқарылды. Соның бірі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы.
Жыл өткен сайын еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету аясы кеңейіп, халыққа қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Осы тұрғыда халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, олардың саны артып, мамандандырылған ХҚО-лар мен миграциялық және цифрлы ХҚО-лар іске қосылуда. Тәуелсіздік жылдары Шымкент қаласында да мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру мақсатында қыруар шаруа атқарылды. Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше, 2013-2018-жылдары әкімдікпен ұсынылатын қызметтер көлемі 78 қызметтен 192 қызметке дейін артып, сәйкесінше электронды түрде ұсынылатын қызметтер көлемі 40 пайызға артқан. Ал, бұған дейін, мысалы, 2010-2013-жылдары Шымкент қаласының әкімдігімен (барлығы 48 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер түрі ұсынылса, оның барлығы тек қағаз түрінде болатын. Осы жылдар ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі-ХҚКО) арқылы ұсынылатын қызметтер көлемі 7 қызметтен 21 қызметке дейін артыпты.