ОРТА ЖАСТАҒЫ АДАМДАРДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Адам өмірінің «орта жас» аталатын кезеңі – 40 жастан 65 жасқа дейінгі уақыт аралығы. Осы жасқа жеткен адамдар алғаш рет уақыт өте келе сыртқы әлпетінде орын алатын сәл-пәл өзгерістерді сезіне бастайды.

ӨЛІМНЕН ҚАШЫП ҚҰТЫЛА АЛМАУДЫ ҰҒЫНУ

Орта жас – осы уақытқа дейін өздерін мығым сезінген адамдар қайтсе де өлімнен құтыла алмайтынын алғаш рет дімкәстікті және ауруды бастан кеше бастайды, достарының о дүниеге мезгілінен ерте аттануының куәсі болуы мүмкін.

Алайда орта жастың көптеген жағымды сәттері де бар. Ересек адамдар өзінің қылықтары мен іс-әрекеттеріндегі еркіндікті және айналадағылардың пікіріне азырақ тәуелді бола бастағанын жиі сезінеді.

Ересектердің жас адамдардан басқа да артықшылықтары бар. Олар кеңестерге құлақ асуға бейім, алда тұрған мәселелерді шешуде көбірек басымдық танытады.

ОЙ-ӨРІСТІҢ КЕҢЕЮІ

Балалары бар әйелдер үшін орта жас өз ой-өрісін кеңейтуде тамаша кезең болуы мүмкін. Сәбиін тәрбиелеу үшін жұмысын тастауына тура келген аналар балалары өскен соң қалайда өз мансабын жалғастыруды немесе алдында тұрған жаңа мүмкіндіктер жөнінде ойлана бастайды. Кейде бұл ерлі-зайыптылар арасында реніштің туындауына әкеледі, өйткені әйелдерінің тәуелсіз боулына ер адамдардың барлығы бірдей бірден көне қоймайды. Бұл – балалар есейіп, өскен ұясынан бөлек кететін кезең. Ата-аналардың кейбіреуі олардың бөлек кетуін өкінішті оқиға ретінде қабылдайды, өздерін керексіз және ұмытылған жан ретінде сезінеді. Алайда ата-аналардың көпшілігі мұны өз балаларымыздың алдындағы міндетімізді өтедік деп есептеп, жағдайды шиеленістірмей, қалған өмірін өз мүдделеріне жұмылдырып, алаңсыз болуды ойлайды.

ОТБАСЫЛЫҚ КИКІЛЖІҢДЕР

Тұрғын үй бағасы шарықтап тұрған қазіргі кезде өз алдына отау тіккен балаларының көбіне ата-аналарымен бірге тұруына тура келеді. Кейде бұл отбасылық реніштерге және отбасы мүшелерінің арасындағы алауыздыққа әкеледі. Мұның себебі үй шаруасындағы, отбасылық жұмыстардағы міндеттерді бөлісу және қартайған ата-аналарын қамқорлыққа алу болып табылады, сондықтан орта жастағы адамдар екі ұрпақтың – балалары мен өз ата-аналарының қажеттіліктері мен тілектерін орындап, торға түскендей күй кешеді.

ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Өз өмірлерін балаларын тәрбиелеуге арнаған ерлі-зайыптылар өздерінің ата-аналық парыздарын өтегеннен кейін, кейде олардың отбасында бірдеңенің дұрыс болмағанына жиі тап болады. Балалар жан-жаққа кетіп, жалғыз қалған ерлі-зайыптылар шешімі кейінге қалдырылған өз қарым-қатынастарындағы мәселелерді енді ескермей отыра алмайды.

Басқа жағынан алғанда, көптеген жұптар үшін бұл уақыт еркіндіктен рахаттанудың және бірігіп немесе өз алдына жаңадан қызықты кәсіп табудың тамаша мүмкіндігі туады.

Бүгінде ерлер де, әйелдер де тағы да 30-50 жыл өнімді және бақуатты өмір сүре аламыз деп есептейді, балалары ересектер қатарына қосылғаннан кейін олар қайтадан, әсіресе өз мүдделеріне уақыт бөлетін болады.

АРМАН ЖӘНЕ ШЫНАЙЫ ӨМІР

Орта жасқа жасөспірімдік ұмтылушылық пен шындық арасындағы ымыра іздеу уақыты ретінде анықтама берген дұрыс болуы мүмкін. Құпия арманы мен үміті орындалмайтынын алғаш нақты түсінгенде, орта жасқа жеткен көптеген адамдар басынан кешетін сезімді нобельдік синдром деп атайды. Олар бәрінен бұрын уақытының өткенін және тіпті олардың бестселлер жазу, өз компаниясын құру немесе ойындағыдай өмірлік серігін табатын уақытын өткізіп алғандығын мойындайды. Тіпті белгілі бір табысқа жеткен адамдардың өзі жасөспірімдік фантазиялары шарықтаған шыңға әрдайым жете бермейді. Осы жаста  әлі де мығым отбасылық қатынас құра алмаған әйелдер ана болу үмітінің көмескіленгенін мойындауға мәжбүр болады.

ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Әдеттегідей, бұл жаста адамдар орнықты қызмет жағдайына қол жеткізіп, мансап жасайды. Олардың қаржылық жағдайы тұрақты болады және өзінің қажырлы еңбегінің жемісін, бейнетінің зейнетін көріп рахаттануға қабілетті.

Екінші жағынан алғанда, нақ осы жаста адамдар жұмыс іздеу мәселесіне ұрынады. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі едәуір азаяды, жұмысынан айырылған орта жастағы адам жас кезіндегіге қарағанда ұзақ уақыт жұмыссыз қалады.

Жұмыс істейтіндері әріптестерінің біртіндеп жасара түскенін және жасқа байланысты тосқауыл оларды шекара секілді бөліп тұратынын сезіне бастайды. Орта жастағы адамдар, егер кеңседе жасырақ әріптестері көбірек болса, олардың шеттететінін сезінуі мүмкін.

АҚЫЛ-ОЙ ҚАБІЛЕТІ

Жыл өткен сайын ақыл-ой қабілеті көмескілене түседі деуге болмайды, бірақ ғалымдардың пікірі мынадай. Бұрын психологтар адамның ақыл-ой  қабілеттерінің қанат жайып өрлеуі 16 жаста орын алады, ал содан кейін олар біртіндеп төмендейді деп есептеген. Қазіргі таңда интеллект 35 жасқа қарай өзінің шыңына жетеді, әрі қарай 60 жастан соң ақыл-ой қабілеті адамның шамамен жиырма жасындағы деңгейіне дейін жайлап төмендейді деп есептеледі.

«Егде жастағы денсаулық» кітабынан