ОТАНДАСТАРДЫҢ ОРАЛУЫ

Қазақстанның көші-қон мәселесінде тартымды елге айналуы өте маңызды. Халықтың келуі кетуінен артық бола бастады. 2004 жылы алғаш рет келген адамдардың саны кеткендер санынан асып түсті.
Қазақстанға қоныс аударудың оң балансы одан кейін де сақталды. Бұл ішкі тұрақтылыққа, этносаралық келісімге, экономикалық өсімге және өмір сүру деңгейінің көтерілуіне байланысты екені даусыз.
2008–2009 жылдардағы дағдарыс кезінде де көші-қон теңгерімі оң болып қала берді. Мұның себебі әлеуметтік-психологиялық жағдайдың 1990 жылдардағыдан мүлде бөлек болуынан екені даусыз. Қазақстанда халық
біздің елді жасампаздықпен дамыту стратегиямыздың айналасына шынайы топтасқаны байқалды.
Жаңа онжылдықта шетелдерде тұратын сан мың қазақтың үмітін үкілеген көші-қон саясаты белсенді түрде жалғаса берді. Біз отандастарымыздың оралуына бұрынғыдан да көп көңіл бөле бастадық.

2007 жылы Шымкент, Қарағанды, Ақтау қалаларында және Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсукент ауылында Бейімдеу және кіріктіру орталықтары ашылды. Қандастарымыздың тез бейімделуін және ішкі көші-қонды реттеу үшін 2008 жылы Үкімет 2009–2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын бекітті.
2012 жылға қарай Қазақстанға, тарихи Отанына 860 мыңнан астам қазақ қоныс аударды. Олардың басым бөлігі Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан және Түрікменстаннан келді.
Сондай-ақ Қазақстанға бұрын Ресейге, Украинаға, Германияға тұрақты түрде қоныс аударған отандастарымыз да орала бастады. 2011 жылы ҚХАның XVII сессиясында мен Қазақстанның табыстары шетелдердегі отандастарымыздың назарында жүретінін айтып: «Өзін әлі күнге қазақстандықпын деп сезініп жүрген адамдар мыңдап саналады. Олар үшін біздің жолымыз бен есігіміз әрқашан ашық» дедім.
Осы сөздер Қазақстанның – ашық, өз күшіне сенімді мемлекет екенін нықтай түсті.