ОТАНЫМ ДЕСЕМ ОЙЫМА «АЙБАРЫМ — АТА ЗАҢ» ТҮСЕР
1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз егемендік алып, өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет атанды. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің депутаттары Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдаған болатын. Бірақ уақыт өте келе бұл Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік ережелеріне, көп жағдайда кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Сонымен бірге алдағы уақытта елімізде болғалы жатқан түбегейлі экономикалық, саяси және әлеуметтік өзгерістерге бағыт-бағдар бере алмайтыны көрініс тапты.
Осыған байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Конституцияның қажеттігін, оның құрылымы, идеялары мен принциптерінің жобасын айқындап, заңгерлер мен мамандардан құрылған арнайы топқа оны одан әрі жан-жақты жетілдіріп, нақтылауды тапсырды. Арнайы топ мүшелері Конституцияның жаңа жобасын әзірлеп және жетілдіріп, халықтың талқылауына ұсынды. Талқылау барысында түскен мыңдаған құнды пікірлер мен ұсыныстар ескеріле отырып дайындалған Конституцияның жобасы бүкілхалықтық референдумға шығарылды.
Осылайша 1995 жылы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл Конституция ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихынан бастау алып, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын да қамтып, қазіргі мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың іргелі қағидаттарын реттейтін аса маңызды құжат болды. Бұл құжат дербес мемлекет ретінде, ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарына сәйкес жасалып, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталды. Ата Заңымыздың 1-бабында Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп басталады. Шындығында, жер бетіндегі әрбір адамға бұл құндылықтар ең басты болып табылатыны баршамызға белгілі.