ОТАНЫМ ДЕСЕМ ОЙЫМА «АЙБАРЫМ — АТА ЗАҢ» ТҮСЕР

1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз егемендік алып, өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет атанды. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, 1993 жылы 28 қаң­тарда Жоғарғы Кеңестің депу­тат­тары Қазақстан Республи­ка­сының тұңғыш Консти­туция­сын қабылдаған болатын. Бірақ уақыт өте келе бұл Консти­ту­ция ескі әкімшілік, әміршіл­дік ере­желеріне, көп жағдай­да кеңестік демократия қағида­ла­рына негіз­делгендіктен, жаңа қоғам өмі­рінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құ­­қықтары мен бостан­дықтары, оларды жүзеге асыру қағи­далары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демокра­тиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Сонымен бірге алдағы уақытта елімізде болғалы жатқан түбегейлі экономикалық, саяси және әлеуметтік өзгерістерге бағыт-бағдар бере алмайтыны көрініс тапты.

Осыған байланысты Прези­дент Нұрсұлтан Назар­баев жаңа Конституцияның қажеттігін, оның құ­рылымы, идеялары мен прин­­циптерінің жобасын айқын­дап, заңгерлер мен маман­дар­дан құрылған арнайы топқа оны одан әрі жан-жақты жетіл­діріп, нақтылауды тапсырды. Арнайы топ мүшелері Консти­ту­цияның жаңа жобасын әзірлеп және жетілдіріп, халықтың тал­қы­лауына ұсынды. Талқылау ба­­рысында түскен мыңдаған құн­ды пікірлер мен ұсыныстар еске­ріле отырып дайындалған Конс­­­титуцияның жобасы бүкіл­­халық­тық референдумға шығарылды. 

Осылайша 1995 жылы рес­публикалық референдумда Қа­зақ­стан Республикасының Конс­титуциясы қабылданды. Бұл Конс­титуция ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихынан бастау алып, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын да қам­тып, қазіргі мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың іргелі қағидаттарын реттейтін аса ма­ңызды құжат болды. Бұл құжат дербес мемлекет ретінде, ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарына сәйкес жасалып, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталды. Ата Заңымыздың 1-бабында Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп басталады. Шындығында, жер бетіндегі әрбір адамға бұл құндылықтар ең басты болып табылатыны баршамызға белгілі.