ОТЫЗ КҮНДЕ ОТЫЗ ТҮЙЕ СОЙЫЛАДЫ
Қала әкімдігі мен мешіттердің үйымдастыруымен бастау алған «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясын кәсіпкерлер жалғастырды.
Бүгін «Ақмешіт» орталық мешітінде қаламыздағы қайырымды кәсіпкерлер әлеуметтік жағдайы төмен 300-ге жуық отбасыға түйе еті мен азық-түлік себеттерін таратты.
– Шымкенттік кәсіпкерлер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай 30 күн оразада 30 түйе сойып, оны мұқтаж жандарға таратуға ниеттеніп отыр. Сонымен қоса, азық-түлік себеттері де үлестіріледі. Бүгін 4 түйе сойып, етін жіліктеп, оларды көмекті қажет еткен отбасыларға бердік. Бұл игі бастама ай соңына дейін жалғасады, — деді «Ақмешіт» орталық мешітінің найб имамы Қазыбек Сарыбаев.
Қайырымдылық жасаған жомарт жандар өз есімдерін жарияламауды жөн көрген екен. Жергілікті кәсіпкерлер алдағы уақытта да мұқтаж отбасыларға көмектеспек.
Айта кетейік, азық-түлік себеттері белгіленген тізім бойынша қаладағы 6 мешітте (Ақмешіт, Ордабасы, Бөртөбе, Байғұт баба, Біләл, Сайрам) беріледі. Егер тізімге енбеген отбасылар келіп сұраса, оларға да үлестіріледі. Ал түйе етін «Ақмешіт» орталық мешітіне барып алуға болады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы