ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ – БУБАЙША ЮНУСОВА
№1 қалалық емханада өзінің мамандығына нағыз берілген дәрігер жұмыс жасайды. Бубайша Юнусова бүгінде адам денсаулығының жаршысы қызметін абыроймен атқарып жүрген қатардағы қызметкер.
Ол Ташкенттегі Орта азиялық медициналық педиатриялық институтта білім алған. Кейіннен Янгиюль қаласындағы көсалалы балалар ауруханасында интернатураны аяқтаған.
Шымкент қаласына 2004 жылы келген. Содан қаладағы №1 қалалық емханада балалар дәрігері болып жұмыс жасаған. Бұл бағытта 14 жыл үздіксіз қызмет етіп, 2019 жылы қайта даярлықтан өткеннен кейін жалпы тәжірибелі дәрігер болды.
— Педиатр немесе жалпы тәжірибелі дәрігер болу – алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандар. Алдын алу, аурудың белгісін анықтау, сала мамандарына бағыттау секілді жұмыстарды атқарамыз. Өзімнің аумағымдағы науқастарға тіпті түнде де медициналық кеңес беріп, үйіне баруыма тура келетін кездер болады, — дейді ақ халатты.
Бубайша Тәжікүлқызы — жұмысына өте ұқыпты, адал, әр науқасқа бар ниетімен қамқорлық танытып жүреді. Әріптестері оның әрқашан көмек қолын созып жүретін мінезі мен біліктілігін жоғары бағалайды.
Отыз жылдық медициналық тәжірибесінде түрлі марапаттауларға да ие болған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі