ОЗЫҚ ОТЫЗ ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛУ

Елбасы «Қазақстан-2030» стратегиясының мерзімінен бұрын жүзеге асқанын хабарлай отырып, осыған дейін жүріп өткен он бес жылдық табысты жолдың қорытындысын шығарды. 2012 жылы Қазақстан ІЖӨ көлемі жағынан әлемдегі 50 елдің қатарына енді, ал келесі 2013 жылы жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 50-ші орынды иеленді. Бұл жетістіктер – заманауи Қазақстан мемлекет болып қалыптасты деп сеніммен айтуға мүмкіндік берді.

Әлемдегі ең озық мемлекеттің біріне айналуды ұлы мақсат тұтқан біздің елге нақты іс-жоспар қажет еді. 2014 жылдың 17 қаңтарында бұл жоспар әрбір қазақстандыққа мәлім болды. Оны жүзеге асырудың жолы – елдің
серпінді дамуы және құбылмалы жаһандық конъюнктураға жедел бейімделе алатын мобильді экономика.

Отыздықтағы орынға таласушы үміткерлер аз емес. Табыстың негізгі өлшемін Экономикалық
ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін, әлемдік ІЖӨ-нің 60 проценттен астамын өндіріп отырған 34 мемлекеттің көрсеткіштері айғақтайды. ЭЫДҰ стандарттары біздің елдің де бағдарына айналды.

Сандар тілімен айтқанда, бұл мынаны білдіреді: ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімі 4%-тен кем емес, ІЖӨ қуат сыйымдылығының төмендеуі екі есе, инвестиция көлемінің ұлғаюы ІЖӨ-нің 18-ден 30 процентіне дейін; шикізат
емес экспорттың үлесі – экспорттың жалпы көлемінің 70 процентіне дейін, ғылымды қаржыландырудың өсуі ІЖӨ-нің 3 процентіне дейін, еңбек өнімділігінің бес есе өсуі, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесінің артуы
20-дан 50 процентке дейін. Осы сандар арқылы «Қазақстан-2050» стратегиясы шынайы сипатқа ие болды.

Барлық алға қойылған міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланды. Бірінші кезеңде (2030 жылға дейін) халықаралық еңбек бөлінісі беретін мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жаңғыртуды батыл жүргізу қажет. Қазақстан он бес-он жеті жылдан соң дамыған елдердің бүкіл ХХ ғасыр бойы қол жеткізген нәтижелерін қайталауға қабілетті. Бұл кезеңде біз дәстүрлі салаларымыздың серпінді өсуін қамтамасыз етеміз және өңдеудің қуатты индустриалы секторын жасаймыз. Екінші кезең (2030–2050 жылдары) елдің ғылымға негізделген экономика қағидаты бойынша тұрақты дамуын көздейді.
2014 жылғы Жолдау – Қазақстан белгіленген мерзімде әлемдегі озық отыз елдің қатарына енуі үшін қандай жолмен жүруі керек дейтін сауалға толық жауап береді.