ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІН ЗАҢМЕН ҚОРҒАҒАН МЕМЛЕКЕТ

Ел болып еңсеміз көтеріліп, дамыған елдің қатарына қосылуға ниет етіп жатқанда олқы тұсымызды толтыруды қолға алдық. Соның бірі – педагог беделі. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», деп Мағ­жан Жұмабаев айтқан еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасындағы осы сөзді қайта тірілтіп, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті.

2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру кезеңінде педагог кадрлардың саны жарты миллион адамнан асты. Бұл ретте жыл сайын білім беру саласындағы мамандардың жаппай даярланып шығарылуына қарамастан, педагог кадрларға деген қажеттілік әлі де сақталуда.
Мұғалімнің мансаптық өсуінің жаңа жүйесін (педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-мастер) енгізудің арқасында жалақы лауазымдық жалақыдан 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайды. Сонымен қатар пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге базалық лауазымдық жалақыдан 200 % мөлшерінде қосымша ақы белгіленді.
Алайда білім беру саласындағы жалақы экономика бойынша ең төменгілердің бірі болып қалуда (102 875 мың теңге, еліміз бойынша орташа еңбекақы 163 мың теңге), бұл білікті кадрлардың келуін тежейтін жағымсыз фактор болып табылады. ЭЫДҰ TALIS-2018 зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес қазақстандық мұғалімдердің 96 %-ы өздерінің жалақысын арттыру білім беру бюджетін ұлғайту кезінде ең басым міндет болуы тиіс деп есептейді.
Мұғалімдерді оларға тән емес функциялардан босату бойынша шаралар қабылданды. 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей оқыту шеңберінде шағын аудандарда аулаларды аралау жойылды, пән мұғалімдері толтыруға жататын құжаттардың тізбесі бекітілді.

Мектепке дейінгі білім беруде педагог қызметкерлердің 41,8 %-ының «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша білімі жоқ, 54 %- ының біліктілік санаты жоқ. Қосымша білім беретін 22 мың педагог үшін
біліктілікті арттыру жүйесі қарастырылмаған. 4 жыл ішінде ТжКБ жүйесіндегі арнайы пәндер оқытушылары мен
шеберлеріне деген қажеттілік 2,5 есеге өсті. Осылайша, педагог кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесіндегі оң өзгерістерге қарамастан, білікті педагог кадрларды тартуға және ұстауға кері әсер ететін бірқатар проблемалар сақталуда. Осыған байланысты Бағдарламада елдің педагогикалық әлеуетін дамытуға кедергі келтіретін проблемаларды шешу жөнінде шаралар көзделген.

Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеу­меттік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойы­латын кәсіби талап та арта түседі. «Мек­тептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұға­лім білімді болса, балалар мектеп­тен терең білім алып шықпақшы. Солай бол­ған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабар­дар, жақсы оқыта білетін мұғалім», деген Ах­мет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұс­тазға қойылатын талапты дөп басып тұр.

Нұрила БАТЫРБЕК