Президент жариялаған тұрғын үй бағдарламасы тиімді ме?

Бүгін ҚР Парламентінің біріккен отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек етуші әр қазақстандық тұрғын үйді жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын өсіммен ала алатынын айтты. Елбасы таныстырған «7-20-25» бағдарламасында қарапайым халыққа қолжетімді бағада үй алу мәселесі қарастырылған.

– Жұмыс істейтін әр азамат несиеге пәтер сатып ала алатындай тетіктерді қарастыруымыз қажет. Мен «7-20-25» деген жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Еңбек етуші әр қазақстандық мынадай шарттармен тұрғын үйді қарызға ала алады: сыйақы мөлшерлемесі қазіргідей жылына 14-16 пайыз емес, 7 пайыздан аспайды. Қазір банктер бастапқы жарнаға 30, кейде 50 пайызын сұраса, бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна мөлшері 20 пайыздан аспауы керек. Несие 10-15 жылға емес, 25 жылға беріледі, — деп түсіндірді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев «7-20-25» бағдарламасын таныстырған соң ел арасында «7 пайыздық өсіммен үй алғанда оның үстемақшасы, алғашқы жарнасы, артық төлемі қанша болады?» деген сұрақтар туындады. Әлеуметтік желіде өз есебін ұсынғандар да көп.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі экономист Мақсат Халыққа хабарласып, көптің көкейіндегі сауалға жауап алды. Мысалы, құны шамамен 10 миллиондық пәтерді ипотекаға алсаңыз, оның есебі былай болады:

Жылдық мөлшерлемесі: 7 %

Алғашқы жарна: 2 000 000 теңге (20%)

Ипотека сомасы: 8 000 000 теңге

Қайтару мерзімі: 25 жыл (300 ай)

Ай сайынғы төлем: 56 500 теңге

Бүкіл шығыны: 18 962 701 теңге

Артық төлем: 8 962 701 теңге

Экономист 7 пайызбен үй алу бұрын-соңды болмағанын және халыққа ол тиімді екенін айтады.

— Бұрын үйге төмен пайызбен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы ғана несие берілетін. Жалпы банктердегі ипотеканы осындай төмен пайызға түсіретін болсақ, бұл ипотекалық үй алуды жеңілдетеді. Өйткені 10 миллионның пәтерін 25 жылға алсаңыз, оның айлық төлемі 55 мың теңгенің шамасында ғана болып тұр. Ол әлдеқайда қолайлы. Бұған дейін ипотекалық несие ары кетсе 20 жылға берілетін. Жалақыңыз 200 мың теңге шамасында болуы керек еді. Оның көбінің қалтасы көтере алмайтын. Ал мынау халыққа тиімді. Бірге бір төленеді. Артық төлем – 90 пайыз.

Банктердің бұған дейінгі беріп жатқан ипотекалық пайыздарын 25 жылға шағатын болсақ, 10 миллион теңгеге алатын үйіңізді екі еселеп төлеуші едіңіз. Бір үй емес, тіпті, екі үй алатындай үйдің ақшасын үстемелеп төлеуіңізге тура келетін. Көп банктер 12-15 пайызбен беретін.

Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар. 7 пайыз дегеніміз ол тиімді пайыздық мөлшерлеме болуы керек. Банктерге сондай талап қою керек. Егер атаулы пайыздық мөлшерлеме жасап қойса, онда оның ешқандай пайдасы жоқ.

Пайыздық мөлшерлеменің екі түрі болады. Олар: атаулы және тиімді.

Тиімді пайыздық мөлшерлеме  – нақты пайыздың анық көрсеткіші. Жылына қанша қосылатынын көрсетеді. Ал көптеген банктер жарнама жасағанда адамдарды шақыру үшін атаулы пайызын көрсетіп қояды. Ал тиімді пайыздық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болып тұрады.

Елбасы солай айтса, тиімді пайыздық мөлшерлеме 7 пайыздан аспасын деп банктерге талап қойған жөн. Сонда халық үшін ол тиімді болар еді

Егер сіз 7 пайызбен он миллионға үй алғыңыз келсе, сіздің жалақы мөлшеріңіз 100 мың теңгенің үстінде болуы қажет. Бұрын жалақыңыз 200 мың теңгеден асса ғана ипотекаға үй ала алатынсыз, — деді экономист.

http://www.qamshy.kz