ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК, САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты биыл жарияланған Жолдауын насихаттау мақсатында университет студенттерімен жиын өтті.
Басқосуға ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева және университеттің бірінші проректоры Баршагүл Исабек қатысып, студенттерге Жолдауда айтылған маңызды тұстарды баяндап берді.Жолдауда сөз болған бастамалар жөнінде студенттерге түсінікті тілде ой тұжырымдаған Б.Исабек маңызды құжатта әлеуметтік жағынан қоғамда өзекті саналатын мәселелердің көтерілгенін тілге тиек етті.
— Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда азаматтардың үйлі болу мәселесін қозғады. Осы орайда Президент бұл мәндетті «Отбасы банкі» атқара алатынын жеткізді. Расында да қазіргі қоғамда баспана ең басты проблема болып тұр. Дана халық бекерге «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп айтпаған. Оның үстіне көптеген қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемесі жоғары болып келеді. Сондықтан ол көп азаматтарға қолжетімді емес. Ал «Отбасы банкінде» мемлекет халықтың жеңіл жолмен үй болуына жағдай қарастырып отыр.
Тіпті зейнетақы қорындағы жинақтың бір мөлшерін де үй сатып алуға жұмсауға рұқсат беріп жатыр. Қоғамда ұстазға артылар міндет ауқымды. Мұғалім тек өзінің пәнін ғана емес, сонымен бірге педагогикалық, психологиялық, саяси-экономикалық және ақпараттық тұрғыдан сауатты болуы тиіс. Сондықтан да мемлекет ағартушылық салаға айрықша көңіл бөле бастады. Оның жарқын мысалы, ұстаздардың айлық жалақыларының көбеюі. Мәселен, биыл қаңтарда мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бұл мақсатқа алдағы 3 жылда 1,2 трлн. теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы 4 есеге артатын болады. Бұл өз кезегінде жастардың педагогикалық мамандықты таңдауға құлшынысын оятып отыр. Соның бір мысалы, жылда университет табалдырығын 1-1,5 мың студент аттайтын.
Биыл болашақ педагог мамандығын таңдаған 3800 түлек ОҚМПУ студенті атанды. «Алтын белгімен» бітірген түлктер саны 60 болса, биыл 180-ге жетті. Сонымен бірге Жолдауда халықаралық пән олимпиадаларында жеңіске жеткен жастарға оқуға түсерде грант жағынан жеңілдіктер қарастыру мәселесі қозғалды. Сондай-ақ бір реттік сыйақы төленетін болды. Осы ретте Президент «Бізге жігерлі де білікті мамандар» қажет деді. Ал осынау мақсатқа жету білікті ұстаздар арқылы іске асатыны ақиқат, — деді Баршагүл Қашқынқызы.
Сонымен қатар бірінші проректор өз баяндамасында бүгінгі қоғамда өзекті болған тағы бір проблеманы көтеріп, бұл туралы Жолдауда не айтылғаны жөнінде тоқталып өтті. Ол — орта білім беру саласындағы мектептер санының жетіспеушілігі. Осы ретте Б.Исабек 225 мың оқушыға орын жетіспейтінін тілге тиек етті. Осы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы алдағы уақытта жаңадан 1 мың мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін мәлімдеді. Соның ішінде 72 мектеп Шымкент қаласынан бой көтермек.
«Демек, ертең ол білім ошақтарында сабақ беретін мұғалімдер керек болады. Сондықтан қазіргі жастар әлден педагогика мамандығын таңдағаны жөн. Президент Жолдауда айтқандай балаларды жастайынан еңбекке баулып өсіру қажет. Бұл ретте оқушыларды еңбекке бейімдеп, техникалық, кәсіби білім беру тегін болуы керек», деді Баршагүл Қашқынқызы.
Ол сондай-ақ білім мен ғылым егіз ұғым екенін, Жолдауда баян етілгендей әлемдегі дамыған елдердің қатарына тек ғылымның жетістіктеріне сүйену арқылы жете алатынымызды айтып өтті. Университеттің бірінші проректорі баяндамасының соңын Президент Жолдауы халықтың алдына ұзақ мерзімді мақсат пен күнделікті әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты жолдары мен қадамдарын ұсынып отыр. Тәуелсіздікті алудан бұрын оны сақтап қалу қиын. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды сөзбен емес нақты іспен көрсетуіміз керек деген оймен қорытты.
Жиында жарыссөзге шыққандар арасында университеттің Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер кафедрасының доценті Әбдіжаппар Тұрашбеков Президеттің Жолдауда қарапайым халықтың күнкөріс көзі саналатын айлық жалақы мөлшерін көтеру қажеттігі жайында айтқан сөзіне тоқталды. Бұл жайлы Үкіметке арнайы тапсырма бергені белгілі. Ә.Тұрашбековтің айтуынша, биылғы Жолдау ел Тәуелсіздігінің тарихындағы 25-ші Жолдау болса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болғалы бергі үшінші Жолдауы саналады. Сондай-ақ баяндамашының сөзінше, халыққа Жолдау арнау бұл Президенттің конституциялық міндетіне кіреді. Көптеген мемлекеттерде мұндай үрдіс әліге дейін жоқ. Жолдау бұл халықтың, мемлекеттің алдағы жоспары. Ә.Тұрашбеков Жолдауда әлеуметтік, экономикалық-саяси проблемалар талқыға салынатынын жеткізді.
Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ