ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚҰТТЫҚТАУ ХАТЫ 10 МЫҢ МЕТР БИІКТЕ ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкентте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты 10 мың метр биікте табысталды. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Фейсбук әлеуметтік желісінде жазды.
Шыңғыс Мұқанның айтуынша, Президенттің атынан төрт хат келген. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Президенттің 8 наурызға арнайы хатын тапсырды.
М.Әуезов университетінің ректоры, ұлағатты ұстаз Дария Пернешқызы мен көркем гимнастикадағы ұлт мақтанышы Әлия Жүсіпова Шымкентте болмай шыққан. Алайда ректор Дария Пернешқызы Алматыға ұшып бара жатқанын хабарлаған. Әкімдік қызметкерлері қай ұшақ екенін білген. Дәл сол ұшақпен Алматыға бір жиналысқа Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Мәди Манатбек ұшып бара жатқан.
Осылайша Мәди Манатбек Шымкент-Алматы ұшағында 10 мың метр биіктікте бүкіл салонға хабарлап, Президенттің құттықтауы мен қала әкімінің атынан Шымкенттің символы — бір шоқ қызғалдақ гүлін табыс етті.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы