ПСИХИКАЛЫҚ АУЫТҚУЫ БАР НАУҚАСТАРДЫ ЕМДЕЙТІН БІЛІКТІ ДӘРІГЕР

Адам жанының арашашысы болған дәрігер мамандығы қай заманда болмасын сый-құрметке ие. Ақ халаттыларымыздың еңбегі мен жұмсаған энергиясының ең басты бағасы – науқас адамға көрсеткен көмегі. Емделушімен тіл табыса білу де – дәрігер бойындағы ең басты құндылық.

Бойы осындай құндылықтарға толы абзал жандардың бірі психиатр дәрігер Момынова Турсынай. Адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараудың арқасында биік белестерге жеткен дәрігер «Медицина саласының үздігі» төс белгісімен, бірнеше рет Денсаулық сақтау министрінің және денсаулық сақтау басшысының мақтау қағаздарымен марапатталған.

Момынова Турсынай медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, жоғары санатты медицина саласын ұйымдастырушысы.

Жоғары санатты маман 20 жылдан бері облыс көлемінде балалар мен ересектерге психиатриялық көмек көрсетіп келген. Осы жылдар ішінде 10 мыңға жуық адамға консультация берсе, 2000 науқасты емдеген. Ал 3000-ға жуық науқасқа ВКК қорытындысын берген.

Сонымен қатар дәрігер балалар мен жасөспірімдер арасында сирек кездесетін шизофрения ауруларын да емдеуді, ұзақ мерзімді ремиссияда ұстау және екіншілей реабилитациялау мәселелері бойынша да оң нәтижеге қол жеткізген.

Бұдан бөлек, дәрігер психикалық бұзылыстары бар балалармен жасөспірімдердің жағдайларына байланысты еңбек, оқу және әскери сараптамадан өткізу комиссия құрамында да жұмыстар атқарған. 2003 жылдан бастап 2020 жылға дейін облыстық штаттан тыс балалар психиатры ретінде «Аутизм туралы», «Суицидтің алдын алу шаралары» бойынша жол картасына жауапты маман ретінде, облыс көлемінде 85 психиатр, педиатр, медбикелер мен психолог мамандардың оқуын ұйымдастырды.

Білікті маман ересек науқастарды емдеу, диагностикалау, реабилитация жұмыстарымен айналысқан. Эндогенді ауруларды алдын-алу, емдеу шараларын жетік меңгерген. Қазіргі таңда Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығында балалар бөлімшесі меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Сонымен бірге Хожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ доценті, болашақ дәрігер мамандардың оқытушысы.

Момынова Турсынай 2019 жылы Ресей Федерациясының Санкт Петербург қаласында балалар және жасөспірімдер клиникалық психиатриясы» бойынша тәжірбиесін арттырып, оны қолданысқа енгізген.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі