РЕФОРМАТОРЛАР ЕЛБАСЫ ЖАЙЫНДА

«Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. 50 жасар Қазақстанның лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі мол бо­лады», депті тәуелсіздіктен бұ­рын-ақ  ХХ ғасырдың ұлы ре­фор­маторлардың бірі Ли Куан Ю. Осы пікірді оқи отырып, оның соншалықты кісі тани білетін данышпандығына, көрегендігіне таңғалмауың мүмкін емес.
Сол айтқандай, кеңестік жүйеден шыңдалып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшыға айналды. Ол – бабаларымыздан  келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді  тұғырлы ету жолын­дағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өз орнын алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы АҚШ конгрессмені Крис Кэннон былай деген еді: «Мен жас Қазақстанның да­муын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін, 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған сәтінен бастап, бұл ел таңғаларлық саяси және экономика­лық жаңғыруларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді, әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Президент Н.Назарбаевтың саяси көре­гендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті». Біздің Елбасымыздың бүкіл еңбегі осы бірнеше жолда тамаша көрініс тапқан сияқты.