СӘБИДІҢ СЫҢҒЫРЫН СЫЙЛАҒАН «АҢСАҒАН СӘБИ»

 Бала – әр отбасының баға жетпес байлығы, соңында қалған ізі, ұрпақ жалғастырары, көз қуанышы. Қазақ ертеден «Тар құрсақты кеңітіп» дүниеге келген сәбиінің езу тартып күлгеніне, апыл-тапыл басқанына, былдырлап сөйлегеніне  төбесі көкке жетеді. Әр қадамына той арнайды. Ал, бір перзенттің жоғынан кең дүниесі тарылғандай, қанатынан қайырылғандай күй кешеді. Зерттеулер бойынша Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай отыр екен. 2020 жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Аңсаған сәби» жобасын қолға алуды тапсырды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭКҰ-НЫҢ ТАРИХЫ

1996 жылдың 31 шілдесінде Қазақстан мен Орта Азияда қолдан ұрықтандыру әдісімен тұңғыш сәби дүниеге келді. ЭКҰ әдісімен туған алғашқы қазақстандық бала биыл 26 жасқа толады. Мұны ең алғаш қолға алған Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, “Қазақстанның 100 жаңа есімі” ұлттық жобасының жеңімпаздарының бірі, биология ғылымдарының докторы,  еліміздегі алғашқы және жетекші ЭКҰ орталықтары мен бедеулікті емдейтін «Экомед» клиникасының негізін қалаушы – Салтанат  Байқошқарова. Қазір осы отбасының күшімен  ашылған «Экомед» орталықтары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Атырау, Ақтау қалаларында жұмыс істеп тұр. Соңғы  сегізінші клиника Өскемен қаласында іске қосылды. Шағын зертханадан басталған тәжірибе бүгінде іргелі ғылыми Репродуктивтік медицина институтына айналды. Қазір мұнда сәби иісін аңсаған отбасыларға бақыт сыйлау үшін іргелі репродуктивті технологиялар қолданылады. 26 жылда институт мамандарының көмегімен 16 мың бала дүниеге келген.

«Аңсаған сәби» жобасының жүзеге асуы жайлы сұрақтарымызға Шымкент қаласындағы Репродуктивті Медицина Институтының жоғары санаттағы репродуктолог-гинеколог дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі Ақерке Бақтиярқызы жауап берді.

Биыл бізге «Аңсаған сәби» жобасы аясында Шымкент қаласынан 125 квота берілді. Тағы республикалық орталықтан берілетін квоталар болады. Квота саны жылдан-жылға өсуде. Күні кеше ғана 27-29 қаңтар күндері тегін консультация өткіздік. 203 қыз-келіншек келді. Барлығына кеңестер берілді. Соңғы 2 жылда 500-ден астам пациентке көмек бердік, оның ішінде ЭКҰ әдісінен дүниеге келген сәбилер 150-ге жуық болып қалды.

 — ЭКҰ жайлы естісе де көп адам қаражат жоқ, ұзақ процесс деп қашқақтайды. Жалпы бір реттен нәтиже болатын кездер көп пе? Және бұған қанша қаржы және уақыт қажет?

 — ЭКҰ-ның бағасы 390 мың біздің клиникада, ал дәрі-дәрмек, зерттеу анализдері әр түрлі, шамамен барлығына 800-900 мың қаражат кетеді. Жүктіліктің бір реттен болу жиілігі 47-50%. Бір айға созылады. Десек те, әр пациенттің дайындығы әр түрлі, ағзасына, денсаулығына байланысты. Және Оңтүстік өңірінің қыз-келіншектерінен байқағаным, «Құдай береді» деп жәйбасарлыққа салып, 10-15 жылға дейін бедеулікпен жүре береді. Уақыт өткізіп алады. Тағы бір айтарымыз, ер азаматтардың бедеулік көрсеткіші де өсуде. Күтіп отыра бермей, әрекеттеріңізді жасаңыздар дегім келеді.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жыл сайын бедеулігі расталған 7000 жұпқа міндетті медициналық сақтандыру аясында ЭКҰ жасату қарастырылған. Демек, сәби аңсаған талай отбасының шырағы жанып, шаттығы таситын күні алда.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА