САХНА САПАРЫ СӘТТІ БОЛҒАН — САПАР ӨТЕМІСҰЛЫ
Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматының» қазақ драматургиясындағы еңбегі өлшеусіз.
Тұлғалардың бейнесін сомдаған талантты тума ғұмырын өнерге арнаған. Еңбек жолын 1960 жылы Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында сахна қызметшісінен бастаған. Міне, содан бері 60 жылдан астам уақыт өтсе де, театр саласында табан аудармай еңбек етті.
Сенім мен сертке берік нағыз жігіт ағасы өзіне жүктелген кез-келген рөлді деңгейінен түсірмеген. «Мәди», «Ақан сері Ақтоқты», «Қаракөз», «Сонда ғана жеңімпаз» сынды 200-ден астам батыс, шығыс, орыс, қазақ классикалық шығармаларындағы басты бейнелерді сомдаған. Сәтті шыққан кесек тұлғалары Абай мен Ленин рольдері Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды.
Өтемісұлы Сапарбай 1943 жылы Өзбекстан Республикасы,Ташкент облысы Бостандық ауданының «Бассай» ауылында дүниеге келген. Әкесі Өтеміс дүниеден ерте өтіп, 1945 жылғы жеңіс мейрамын анасы Гүлжанмен қарсы алыпты. Әжесі Комусты құйқылжыта тартатын қырғыз қызы болса, әкесі Өтеміс ән –жырға жақын адам болған екен. Атадан балаға қанмен дарыған соң Сапарбайдың жастайынан ән салуға аңсары ауып тұрған.
1959 жылы Абай атындағы мектепті бітірген кезде ауылға қаладан бір топ театр тарландары келіп, «Айман –Шолпан» қойылымын қояды. Жарық сәулеге ұмтылған ессіз көбелектей соларға еріп ауылдан ауылға кете барған бала Сапар аяғына сұға салған анасының көнетоз кебісін де ерен санамапты. Ықыласының құлағаны соншалық, өнер ұжымының алдында «Ай,бөбегім», «Абай күнімай» әндерін орындап, сол бойда облыстық театрдан бір –ақ шығады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі