САЙРАМ АУДАНЫ БАСШЫСЫ ҚАЙНАРБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудан әкімі Арман Сәбитовтің келесі кезектегі аралауы Қайнарбұлақ ауыл округі, Сарыарық ауылы, Х.Әдебеков атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебі ғимаратында жалғасты. Аралау аясында 1958 жылы негізі қаланған білім нысанының қазіргі уақытта қордаланған жағдайларына қанықты.
Аталмыш оқу ордасында бүгінде 2 ауысыммен оқитын 60-тан аса оқушы 22 мұғалімнен білім алады. Сондай-ақ, оқушылардың білім нәрімен сусындауына жайлы жағдай жасау мақсатында мектеп ғимаратында орталықтандырылған және жәй пеш оранатылған. Қазандықтарды жылыту үшін көгілдір отын, қатты отын және сұйық отын түрлері қолданылады.
Кездесу кезінде оқушылар санының артуына орай, типтік спорт зал және акт зал, сонымен қатар, кітапхана мен асхана ғимараттарын салу мәселелері көтерілді. Бұл бойынша аудан басшысы облыстық салалық басқармаға ұсынысхат жолдау керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Сәбитұлы Сарыарық ауылында орналасқан Б.Абдраманов, Б.Одаманов және Ы.Шалабайұлы көшелерінің тұрғындарымен кездесуге барды. Мұнда көшелердегі өзекті деп танылған электр бағаналарының мән-жайымен егжей-тегжейлі танысты.
Айта кетейік, Сайрам аудандық электр тарату жүйесінің техникалық қадағалауында 100 абонент ұзындығы 2 км құрайтын электр бағаналарымен қамтылған.
Бүгінгі таңда аталған көшелердегі электр бағаналары ескіргендіктен, табиғаттың танытқан қатты дауыл, жауын-шашын жағдайларында істен шығады. Сондықтан аудан әкімі тұрғындарды тіршілігімізге күнделікті керекті инфрақұрылым жүйесімен тұрақты түрде қамтуды назардан тыс қалдырмайтынын айтты. Келесі жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС инвестициялық бағдарламасы бойынша жаңа электр желілері тартылып, электр бағаналары ауыстырылатынын тілге тиек етті.
Кездесу жалғасы Қасымбек датқа ауылына жалғасты. Жаңақұрылыс аумағындағы 205 га жер телімін инфрақұрылым жүйелерімен қамту бойынша жүргізілген құрылыс жұмыстарын бақылады. Бұдан бөлек, ауылдық округ әкімі Есбол Дүйсебаев пен жауапты тұлғалармен бірге газ құбырын тарту, жол салу жұмыстары туралы тұрғындар үшін түйткілді мәселені талқылады.
Қазіргі таңда аталған аумаққа ауыз су және электр жүйесі жүргізілген. Ал табиғи газ жүйесінің жобасы мен тас төсеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде тұрғылықты халық қатты отын (көмір) түрін қолдануда.
Аудан басшысы Арман Сәбитұлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сондай-ақ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы секілді бірқатар бөлім басшыларына ауылдық округінің әкімімен бірлесе, Жаңақұрылыс аумағының құрылыс жобаларын пысықтау үшін қайта қарау қажеттігін айтты. Бірінші кезекте халыққа қажетті инфрақұрылым жұмыстарының тиімді жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі