САЙРАМДАҒЫ СЕНБІЛІКТЕ 750-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ
Сайрам ауданының экологиялық тазалығын сақтау мақсатында сенбілік өтті. Шараға аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен ерікті жастар, жалпы 750-ге жуық адам атсалысты. Әрқайсысы өздеріне тиесілі аумақтарға тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталған сенбілік жұмыстары аясында республикалық, облыстық маңызы бар автожол жиектері, ішкі көшелердің бойы, саябақтар мен мәдени-тарихи орындар, сауда орындары мен базарлар, арық-атыздар, өзен маңдары күл-қоқыстардан, шөптен тазартылды. Мекеме мен кесене аулаларындағы гүл көшеттерінің түптері қопсытылып, суғарылды. Сондай-ақ, кейбір кеңселердің қасбеттері, қираған қоршаулары сырланып, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, тұрғын үй аулаларының алдындағы қураған ағаш бұтақтары қырқылды.
Айта кетейік, көшелерді күтіп, таза ұстау және қоршаған ортаны қорғай отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған сенбілік жұмыстары барысында 23 техниканың көмегімен 14,6 тонна қоқыс арнайы аумаққа тасымалданды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі