САРЫАҒАШ: АУДАН ӘКІМІ АРМАН АБДУЛЛАЕВ: АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ!
Шалғайда орналасқан елді мекендердің барлығына ауыз су тарту мәселесі аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей назарында. Ауданда ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Елді мекендерге су құбырын тарту жұмыстары жылдан-жылға артуда.
Осы тұста, бүгін аудан басшысы Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы барып, Зортөбе, Жаңақұрылыс, Қарабау елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Қазіргі таңда, Жаңақұрылыс елді мекенінде 71 дана су құдықшалары мен 8 дана өрт гидранттары орнатылып, су құбырларын ішкі көшелерге жүргізу жұмыстары аяқталған. Қарабау және Зортөбе елді мекендерінде магистралды және ішкі ауыз су құбырлары толық жүргізіліп, су қоймасының құрылыс жұмыстары жүруде.
Сонымен қатар, аудан басшысы Сарқырама елді мекенінде су қоймасының құрылыс жұмыстарын бастау үшін жер телімін көріп, жобалау-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізу бойынша тапсырмалар берді.
Аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшысына бірқатар ескертулер атап өтіп, ауыз су құрылысын жоспарға сәйкес мерзімінде және сапалы жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының барысын арнайы өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі