САРЫАҒАШТА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ 500 БАЛАҒА АРНАЛҒАН СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

25 қазан — Республика күніне орай, Сарыағаш ауданындағы Дарбаза елді мекенінде 500 балаға арналған спорт кешені ашылды. Аталған спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысты. Ғимараттың құрылыс жұмыстары жеке кәсіпкер Абылай Салимов есебінен ағымдағы жылдың наурыз айында басталған. Бүгінде кешенде футбол алаңшасымен қатар бокс, самбо, дзюдо, үстел теннисі, қазақ күресі, таеквандо, футбол, шахмат үйірмелеріне арналған залдар бар. Барлығы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған.
Жиын барысында аудан әкімі самбо күресінен жуырда ғана әлем чемпионы атанған Е.Ахатовты және әскерилер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ш.Рахимовты, греплингтен ел чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Д.Бөрібай мен дзюдодан ҚР-ның үш дүркін жеңімпазы М.Серікбайды алғыс хаттармен марапаттап, сыйлықтар табыстады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі