Саят Ыбыраевтың босап шығуына заң бойынша еш кедергі жоқ – Абзал Құспанов
2011 жылы «экстремизм» бабы бойынша 12 жылға сотталған профессор Саят Ыбыраевтың мерзімінен бұрын босап шығуына еш кедергі жоқ. Бұл туралы Саят Ыбыраевтың ісімен айналысып жүрген адвокаты Абзал Құспан Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді.
Адвокаттың дәл қазіргі уақытта көтеріп отырған ең маңызды мәселесі – Саят Ыбыраевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату.
«Саят Ыбыраев заңсыз сотталды ма, заңды ма – бұл маңызды емес. Біздің қазіргі көтеріп отырған мәселе – профессорымызды мерзімінен бұрын шартты түрде босату. Оның жасы қазір 51-де. Ғылымға бергенінен берері көп.
Үкім шыққалы Семейдегі қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатыр. Осы жылдар ішінде мүлдем тәртіп бұзған жоқ. Қайта кітап жазып, ғылыми жұмыстармен айналысып жатыр», — деген адвокат Саят Ыбырайдың Қазақстанға керек тұлға екенін атап өтті.
«Бәрімізге белгілі, ол – техника ғылымдарының докторы. Қазір түрмеде екеніне қарамастан, айналысып жүрген бағыты – робототехника. Қазақстанда бұл саланың теориясын да, практикасын да жетік меңгерген ғалым ол. Дәл Саят Ыбырайдың деңгейінде ғалым жоқ. Саят Ыбыраевты түрмеден шығарғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Әдетте қоғамға қауіпті адамдарды: адам өлтірген, бала зорлаған, ұрлық жасағандарды соттайды. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған Саят Ыбыраевтың қоғамға тигізер пайдасы көп», — деді Абзал Құспан.
Адвокаттың айтуынша, заң бойынша ғалымды мерзімінен бұрын босатуға еш кедергі жоқ. Бұған дейін Саят Ыбырайды мерзімінен бұрын босату туралы өтінішке Семей қалалық соты қарсы жауап берген. Алайда Абзал Құспан қайта шағым жасады. Биыл сәуірдің ортасында ШҚО сотының аппеляция алқасы шағымды қарайтын болады.
Айта кетейік, бүгін қазақтың бір топ зиялысы жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың атына Саят Ыбыраевты мерзімінен бұрын босату мәселесін көтеріп, ашық хат жолдады. Онда Смағұл Елубай, Асқар Жұмаділдаев бастаған бір топ зиялы әлемдік деңгейде мойындалған қазақ ғалымының өлшеусіз еңбектерін айтып, сондай адамның бүгінде түрмеде отырғанына өкініш білдірген.
«Саят Ыбыраевтың ғылымда жаңалық ашар дер шағы. Ол ел игілігіне жарар талай ғылыми жаңалықтарға мұрындық болар еді, инновациялық бағытта көшіміздің түзелуіне ат салысар еді, ұстаздың дәрісіне зәру жастарға тәлім берер еді», — делінген ашық хатта.
Ал 2017 жылдың соңында Qamshy.kz порталы өткізген халықтық сауалнама нәтижесінде Саят Ыбыраев тәуелсіздіктің нығаюына қосқан үлесі үшін халықтық «Алаш арыстарының ізбасары» құрметті атағымен марапатталды. Аталмыш медальмен бүгінде тар қапаста жатқан тағы бірнеше азамат марапатталды.