«СЕРГЕК» КАМЕРАСЫ БІР ТӘУЛІКТЕ 224 ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ ТІРКЕГЕН

Шымкент қаласының 14 көшесіне орнатылған «Сергек» жүйесі 5 қаңтардан бастап іске қосылды. Қазіргі таңда интелектуалды камералардың автокөлік жылдамдығын асырған фактіні тіркейтін бір жүйесі ғана қолданылып отыр.

Камералар өз жұмысын бастаған күннен бір тәулік ішінде 224 құқық бұзушылықты анықтап, көлік жүргізушілеріне 3 111 360 теңге айыппұл салынды.

Заң бұзушылық жөнінде мекенжайға хабарлама барғаннан кейін 7 тәулік ішінде тағайындалған айыппұлдың 50 пайыз мөлшерін төлеуге мүмкіндігі бар. Өндірілген қаржы толықтай мемлекет бюджетіне түседі.

Өткен жылы қала аумағында 322 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 76 адам қаза болған, 406 азамат әр түрлі дене жарақаттарын алған. Ал, «Сергек» камералары қаладағы жол көлік оқиғасын азайтуға және көлік жүргізушілерінің белгіленген жылдамдықты асырмауға септігін тигізеді.

Осы жылдың наурыз айына дейін шаһарда 200 көше мен 120 қиылысқа «Сергек» орнату көзделсе, алдағы 3 жыл ішінде жалпы саны 4000 ақылды камераны орнату жоспарланған.

Мұндай камералар арқылы қылмысқа және өзге де заң бұзушылықтарға қатысы бар көліктерге бақылау жүргізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, «Сергек» жүйесі ауа-райының қолайсыз жағдайына қарамай, барлық уақытта бір қалыпты жұмыс атқарады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі