ШӘКІРТ ПЕН ҰСТАЗ

Шәкірт ұстазына келіп:

— Мен осы уақытқа дейін қанша кітап оқыдым. Бірақ есімде қалғаны аз. Оқығанымызды ұмытатынымыз рас болса, оны оқудың қажеті қанша?-деп сұрақ қойыпты. Ұстазы бұған ләм деп жауап бермейді.

Шәкірттің қолына әбден пайдаға аспай, кір мен шаң басып жатқан електі ұстатып, суға жұмсапты. Ұстазына қарсы шыға алмаған шәкірт ілби басып суға жетеді. Електі қайта-қайта суға салып-алады. Бірақ, су ала алмайды.

Басы төмен салбырап ұстазына қайтып келеді:

— Ұстаз, мына ыдысты қанша суға малсам да ешқандай су әкеле алмадым,-дейді.

— Оның рас. Саған су толтырып әкелу мүмкін болмады. Бірақ, қолыңдағы ыдысқа қарашы, не байқайсың?

Шаң мен кір басқан елек жарқырап қалған. Сенің миың да осылай, оқығанының барлығын бірдей есте сақтамауы мүмкін, бірақ сәулеленіп, нұр шашып қалары сөзсіз. Кітап оқу — мидың жұмысын жақсартады, қозғалыссыз жатқан клеткаларын тірілтеді, тіршілігі жанданған санадан түрлі идеялар туады. Міне, саған көп оқудың пайдасы,-деген екен.

Алтын АСҚАР