ШӘМШІ МЕН САБЫРХАН
Сабырхан журналистика факультетіне оқуға түскен соң Алматыдағы «Үшінші линия» дейтін ықшамауданда Еркінбай Әкімқұлов, Шәмші Қалдаяқовтармен бір пәтерде тұрады. Сол кезден басталған жолдастық өмірлік достыққа ұласып кетеді. Кейінірек Шәмші ән тудырса, Сабырханды арнайы алдырып, сөзін жаздырады екен. Сондай көп әннің бірі – «Теріскей».
Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында бүкіл қазақтың кең жазирасы Шәмшінің әндерімен тербетілді. Сазгер қай өңірге барса, сол жердің жұртшылығы өздеріне арнап ән шығаруды сұрайтын көрінеді. Осындай өтініштер негізінде «Мұнаралы Маңғыстау», «Ақ ерке Ақ Жайық», «Сыр сұлуы», «Мойынқұмда ауылым», «Арыс жағасында» әндері дүниеге келіп жатқан кез. Шәмші ағамыз Созаққа да ат басын бұрады. «Жартытөбе» совхозының жұртшылығы барын сазгердің алдына тосып, сый-құрметін аямай көрсетіп, «Жартытөбеге» бір ән арнасаң деген тілегін жеткізеді, одан ары Шолаққорған жұрты күтіп алып, олар да жоғарыдағы тілекті айтады. Содан ойлана келе Шәмші:
- Жарайды, ән өмірге келеді. Бірақ, сөзін тек Сабырхан Асанов жазуы тиіс, — деген соң, Алматыдан ақынды алдыртыпты. «Теріскей» әнінің сөзі сол кезде жазылыпты. Мұнда жалпы Созақтың барлық жерлерінің атауы аталған.
Ал, «Дүнген қызының» әні мен сөзі Жамбыл өңірінде Дүңген деген ауылда шығыпты. Шәмші ағамыз бен Сабырхан ақынға елдің қошеметі ерекше болады. Сонда сазгер «Айналайын қазағым-ай, пейілдеріңе, кең жүректеріңе рақмет. Сабырхан екеуміз жазған әндерді әуелетіп жүрген сендерге мына біз қарызбыз» деген екен. Ақын мен сазгердің бірлесіп жарыққа шығарған әндеріне халықтың әлі де ықыласы бөлек, көңілі ерек.
Сабырхан ақынның өмірден өткеніне ширек ғасыр уақыт болды. Ақынның жары Шолпан апамыздың бір сұхбатында «Ұмытылып барады. Ұмытып кеттік. Әлде Мұқағали жырлағандай, олар «шаң басқан архивтерден» табыла ма?» деуі де орынды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Шәмші қадірлеген ақынды әнсүйер қауым, жалпақ қазақ даласы түгел танығаны жөн деп білеміз.
Сен жанымда жүрсең,
Сен жадырап күлсең,
Бақыттымын мәңгі, асыл арманым, немесе
Той басталды Отырарда,
Сырдың сұлу бойында.
Кеудесінде оты жанған
Қызылқұмның қойнында, — деп әуелеткен өміршең әндердің өлеңін жазған ақынға құрметтің ең жоғарғысы лайықты.
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ