ШАНХАЙ ҰЙЫМЫ — БАҒА ЖЕТПЕС ИГІЛІК

Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығы «Шанхай бестігі» үшін жаңа сапалық деңгейге – халықаралық ұйым деңгейіне өту уақыты болды. Осы процеске Қазақстан белсене атсалысты.

2001 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы басшылары Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғанын жариялады.

Біріккен Декларацияда «бестіктің» өзара сенімі негізінде құрылған «Шанхай рухы» – баға жетпес игілікке айналғаны және жаңа ғасырда ол ШЫҰ үшін қалыпты жағдай саналып, кеңейе беретіні айтылды. Сол 2001
жылдың маусым айының өзінде-ақ терроризммен, сепаратизм және экстремизммен күрес жөніндегі Шанхай конвенциясы бекітілді.

ШЫҰ елдері басшыларының оныншы кездесуі 2005 жылдың 5 шілдесінде өтті. Осы жиынның Қазақстанның жас елордасы Астанада өткізілуі де жақсы нышан еді. Жиында Елбасы мемлекет басшыларына ұйымның рөлін
ынтымақтастықтың жаңа «институттық желісінің» маңызды бөлігі ретінде, бірін-бірі толықтырып тұратын «үштік» (ШЫҰ, АӨСШК, Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі) контексінде қарастыруды ұсынды. Астанада ШЫҰ
мемлекеттері ынтымақтастығының терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы тұжырымдамасының қабылдануы маңызды оқиға болды. 2004–2005 жылдары Моңғолия, Үндістан, Пәкістан және Иран ШЫҰ жанындағы бақылаушы елдер мәртебесін иеленді.
2007 жылдың қаңтарында ШЫҰ Бас хатшысының лауазымына қазақстандық дипломат Б.Нұрғалиев үш жыл мерзімге тағайындалды.

Осылайша 2000 жылдары Қазақстан үлкен Еуразия кеңістігіндегі Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттерінің күші мен мүмкіндігі тоғысқан және үйлескен ШЫҰ-ның маңызды өңірлік ұйым болып қалыптасуына белсенді
атсалысты.