ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ — АЗАТТЫҚТЫҢ АЙБАРЫ
Шекаралық қауіпсіздік мәселесі маңызды рөл атқаратындығы айтпаса да түсінікті. Түрлі саладағы өзара қарым-қатынас, түсіністік пен іс-қимыл шекаралық ынтымақтастықтың негізін қалап, жаңа сатыға көтеруде. Бұл – қазақстандық шекарашыларға жаңа міндеттер жүктеп отырғандығы сөзсіз. Осы орайда Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Шекара қауіпсіздігі – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі» деп айтқан сөзі еске оралады.
Елбасымыз Ресей, Қытай, Орталық Азия және Еуроодақ елдерімен серіктестік қатынастарды дамыту, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістікті қолдауды сыртқы саясаттағы басымдықтар қатарында атап келеді. Оның ішінде еліміз үшін маңызды мәселелерді ортақ келісім арқылы шешу қажеттігін айрықша атап отыр. Шекара қызметінің басты міндеттерінің қатарына мемлекеттік шекара және бақылау-өткізу бекеттеріндегі режімді қамтамасыз ету, мемлекеттік шекара туралы халықаралық келісімдерден туындайтын міндеттемелерді, оның ішінде делимитациялау, демаркациялау және редемаркациялау туралы міндеттемелерді орындауға қатысу, еліміздің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласына қатысты міндеттерді шешу, мемлекеттік шекарада мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға атсалысу, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып қоршаған ортаны және миграциялық заңдылықтарды сақтауды қосуға болады. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі бойынша өзіне жүктелген міндеттерді атқара отырып, Шекара қызметі, сонымен қатар, ТМД елдерінің, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарының жұмысына да белсене атсалысуда. Бұл орайда, Шекара қызметі алыс және жақын мемлекеттердің шекаралық ведомстволарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тиісті іс-қимыл тетіктерін жүзеге асыруда. Халықаралық ұйымдар аясындағы көпсатылы ынтымақтастық деңгейі әлемдік қауіп-қатерді еліміздің сыртқы шебінде ауыздықтауға мүмкіндік туғызды. Оның ішінде шекараны күзету бойынша халықаралық келісімдер қабылдау, өзара жедел ақпарат алмасу, әскери-техникалық салада ынтымақтастық орнату, шекарада болатын жағдайларды шұғыл реттеу үшін шекаралық өкілдіктер ашу секілді мәселелер шешімін тауып келеді. Заңсыз көші-қон, есірткі саудасы, тауарларды, қару-жарақтарды өткізуді болдырмау мақсатында бірнеше мемлекеттердің құқық қорғау органдарының бірлесе отырып, шекаралық іс-шаралар өткізуі дәстүрге айналды.
Мемлекеттік шекара — тәуелсіздіктің тірегі.