ШЕКАРАНЫ ШЕГЕНДЕУ — БАСТЫ МІНДЕТ
Жиырма бірінші ғасырдың басында жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы шекараны заңды түрде делимитациялау мәселесін қолға алатын уақыт келіп жетті. Бұл Кеңес Одағы кезінен реттелмей келе жатқан мәселе болатын.
Ауқымды мәселелерді Қазақстан жүйелі түрде және сындарлылықпен шешіп отырды. Мемлекет осы қадамды халықтың бейбіт өмірі мен болашақ ұрпақ қамы үшін – барлық көрші елдермен бейбітқатар және өзара
келісіммен өмір сүру үшін жасады.
Қазақстан – Өзбекстан шекарасын делимитациялау процесі 2000–2002 жылдар аралығында жүргізілді. 2001 жылдың 16 қарашасында Астанада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында «Қазақстан
– Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы» шарт бекітілді. Ол шекара сызығының 96 процентін анықтады. Кейін даулы мәселелерді мұқият реттеген соң, 2002 жылдың 9 қыркүйегінде «Мемлекетаралық шекараның жекелеген бөліктері туралы» шартқа қол қойылды.
Қазақстанның ең ұзақ шекарасы – Ресеймен 7591 шақырымдық шекара. Бұл – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара.
Қазақстан – Ресей келіссөздерінің алғашқы кезеңі 1999 жылдың тамыз айында басталды. Қазақ ССР-і мен РСФСР арасындағы әкімшілік шекара, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан шекараларымен салыстырғанда, бұлдырлау рәсімделгені бірден белгілі болды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздер 2004 жылдың соңына дейін жалғасты. Шекара сызығын сызу үшін елуден астам келіссөздер кезеңін өткізуге тура келді.
2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Елбасы В.В. Путинмен бірге Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» шартқа қол қойды. Құжат 2006
жылдың 12 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осылайша Қазақстан бүкіл периметрі бойынша шекараның құрлықтық бөлігін заң негізінде рәсімдеуді аяқтады. Өңірлерде шекара сызығын жүргізу (демаркациялау) жұмысы басталды.
Қазақстан – Орталық Азия өңірінде делимитациялау мен демаркациялау мәселесін толық шешкен жалғыз мемлекет. Қазақстан Республикасының 2000-жылдары бекітілген мемлекеттік шекарасы – толықтай заңды шекара.
Осы кезден бастап дербес Қазақстан заңды түрде рәсімделген 14 мың шақырымдық құрлықтық мемлекеттік шекараға ие болды. Оның 7591 шақырымы – Ресеймен, 2351 шақырымға жуығы – Өзбекстанмен, 1783
шақырымы – Қытаймен, 1242 шақырымы – Қырғызстанмен, 426 шақырымы Түрікменстанмен түйісіп жатыр.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасын саяси растаудың, заң жүзінде рәсімдеудің және халықаралық дәрежеде мойындалуының тарихи маңызын айтып жеткізу мүмкін емес.