ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ. ҚАЗАҚСТАН — ЖАС ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕР АРАСЫНДА КӨШБАСШЫ
Жалпы Тәуелсіздік кезеңінде, 2012 жылға дейін Қазақстан экономикасына 160 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция салынды. 2010 жылдан бері экономикамыздың толық айыққанын айғақтайтын
жаңа үрдіс байқала бастады – ішкі инвестициялардың көлемі ұлғая түсіп, шетел капиталының салыстырмалы салмағын азайтты. Бұған қоса, 2000-шы жылдардың алғашқы онжылдығының орта шенінде-ақ Қазақстан ынтымақтас мемлекеттердің белсенді сыртқы инвесторына айналды. Сөйтіп, еліміз толыққұқықты субъект, белсенді қатысушы ретінде әлемдік шаруашылық және халықаралық қаржы-экономикалық қатынастар жүйесіне толығымен кірігіп кетті.
Шетелдік инвестициялар 2000-шы жылдары Қазақстанның өндіруші салаларын дамытуда маңызды рөл атқарды. Енді Үкімет үшін жаңа сапалы деңгейдегі міндет – өңдеуші салаларға шетелдік инвесторларды лек-легімен тарту үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру міндеті бірінші кезекке қойылды.
Көптеген сарапшылар инвестиция үшін лайықты нысан ретінде Қазақстан еуразиялық қана емес, жаңа нарықтық экономикаға ие шығысеуропалық елдердің арасында да жетекші орын алатынын атап өтті. Оның үстіне, Бүкіләлемдік банк Қазақстанды әлемнің инвестиция салуға мейлінше қолайлы жиырма елінің қатарына қосқан болатын.
2009 жылдың желтоқсанында Шетелдік инвесторлар кеңесінде «Chevron» корпорациясының вице-президенті Джордж Киркланд: «Қазақстанның сындарлы саясаты, ықпалдаса әрекет етуі өзара қарым-қатынастарды тереңдетудің, шекараларды жойып, жаңа мүмкіндіктер ашудың жарқын мысалы екенін айрықша атап өткім келеді, – деген болатын. Ол – бұл істе Шетелдік инвесторлар кеңесі маңызды рөл атқарады. Біз Қазақстанның
кез келген қиындықты жеңе алатынына сенімдіміз. Өз тарапымыздан біз Қазақстанға қажетті технологияларды дамытуға, оның экономикасын әртараптандыруға септігін тигізер жобаларға күш салуға ниеттіміз» деп
атап өтті.
Сол сәтте Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Томас Миров былай деді: «Қазақстанның тікелей шетелдік инвестицияны көп көлемде тарту жөнінен табысы қомақты-ақ. Республикаларыңызға 90
миллиардтан астам шетелдік капитал құйылды. Қазақстан басшылығы жаһандық рецессия салдарынан арылуға бағытталған батыл қадамдарға барып отыр. Бұл істің нәтижесі разы етпей қоймайды».