ШҰБАТЫН ШІЛІКТІҢ ТАНЫТҚАН, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ ДАРЫТҚАН
Ана ақылынан аттамаған
Қасиетті Отырар топырағында түйе сүті шаруашылығын жолға қойып, атакәсіпті отбасымен дамытып жүрген кәсіпкер ана Гүлсара Сейітжанова ерен еңбекқорлықтың үлгісі. Шаруаның да көзін тауып, ұясын да сүттей ұйытып отырған ананың өнегелі өмірі мен еңбек жолын оқырмандарымызға арнайы таныстыру үшін сұхбаттасқан едік. Жаны мейірімді мұндай әйелдердің жүрегіне ұлтымыздың әдемілік пен әдептілік әліппесі жазылғандай. Гүлсара ана естелік пен еңбектен өрілген өмір жолына төмендегідей ой жүгіртіп, ағынан жарыла баяндап берді.
Нәресте Гүлсараның 1953 жылы Отырар ауданы, Шілік ауылында кіндік қаны тамды. Үйде он бір ағайынды еді. Соғыстан кейін ел есін ептеп жия бастаған кез. «Жұт жеті ағайынды» демекші, еңсе тіктеп келе жатқанда етектегі елді су тасқыны алып кетті. 1969 жылы асқар тауынан мәңгілікке айрылып қалады. Көп ұзамай ескі ауыл іргесінен Жаңа Шілік елді мекені салынып, тұрғындар жаңа қонысқа көшірілді. Оның үй іші әуелде тасқыннан кейін қаладағы драма театрға жайғасып, кейін пәтер жалдап, үш ай Шымкентте тұрған. Өзі он алты жаста, тоғызыншы сыныпта оқиды. Ағаларының барлығы студент. Солардың оқу қамын ойлап, анасына «Әкеміздің қырық күндік, жылдық асын беріп, қалаға біржола көшіп келейік те» дегенмен көнбеді. Жаңа Шіліктен үй соғып, қайта қоныстанады.Келер жылы мектеп бітірген арманшыл бойжеткен пединститутқа оқуға құжат тапсырғанмен, түсе алмай қалады. Содан фабрикада жұмыс істеуге бел буады. Кезекті демалысында ауылға келсе, анасы сыртынан көз салушылардың бірімен құдандалы болып, қалыңмалын алып, ұзатуға бекініп отыр екен. Өзі кішкентайынан әке қасынан ұзамайтын, малсақ қыз-тұғын. Үй шаруасына қарағанда қора-қопсы, төрт түлікке үйір болды. Құда түсушілер де мал шаруашылығымен айналысатындықтан, тірліктің көзін табарына қолайлы көрді-ау, сірә… Болашақ күйеу жігіт Құдіретулла да әскерден жаңа келген ауылдасы, ағасының сыныптасы. Басында өз келісімінсіз тұрмысқа беруге байлам жасасып қойған анасына іштей ренжіді, әрине… Бірақ, қарсылық білдіргенде «марқұм әкеңе сөз келетін болды ғой, ел-жұрт «әкесінің көзі кеткен соң қызы құлақ аспайтын болыпты» демей ме?» дегенде қарсы тұра алмады. Сол кісінің разылығы үшін келісті.
Тұрмысқа шыққан соң Шымкентке көшіп келді. Өзі кооперативтік курсқа, ері энерготехникумның кешкі бөліміне оқуға түседі. Курсты ойдағыдай аяқтап, азық-түлік дүкеніне жұмысқа тұрады. Ал, 1975 жылы қаладан ауылға қайтты. Отағасы кеңшарда электр маманы болып жұмыс істеді. Ал, қол қусырып қарап отыруға жаны қас Гүлсара ана тағы да қосымша коопаративтік техникумда оқып, оны 1977 жылы бітіреді. Содан 1992 жылға дейін сауда-саттық саласында өзін сынап, жұмыс істейді. Тынымсыздығы, еңбекқорлығы ешқашан да оны жұмыссыз қалдырған емес. Ауыл дүкендерінде, мектеп асханасында еңбек етті. Өз қолымен түрлі тағам да пісіріп сатты. Мұның бәрі де қазір ойлап қараса, бүгінгідей дөңгеленген шаруаға деген қабілеті, үлкен кәсіп ашуға бейімділігі мен жетістігіне бастаған алғашқы қадамдары іспетті.
Атакәсіптің көзін тапқан
«Кәсіп түбі – нәсіп» екенін өткен ғасырдың «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен тоқсаныншы жылдарында-ақ түйсініп, әрекетке бел шеше кіріскен кейіпкеріміздің тәуекелшіл қасиетін нағыз ерлік деуге болады.1994 жылы жеке шаруашылық ашқандарға қолдау көрсетіліп, несие беріліп жатқан оңтайлы мезетті тиімді пайдаланып қалды. Шәуілдірдегі несие серіктестігінен қарызға қаржы алып, «Жаңа жер» шаруа қожалығын ашады. «Балалар ағарған ішсін» деп қолға ұстап отырған қорадағы бес-алты бас малына тағы да бірнеше бас сиыр, түйе сатып алып қосты. Кейіннен шаруашылығын кеңейтіп, қымыран сатып тапқан қаржыға Ойсылқараны көбейтуге мықтап кіріседі. Сөйтіп, басында небәрі екі түйемен бастаған шаруасының бүгінде іргесі кеңейді. «Табысты кәсіпкер болудың ең басты сыры – шын ықыласта» дейді ол кісі: «Жоғарыда айтқанымдай, 1996 жылы екі-ақ түйеміз бар еді. Қазір көбейді, кейін қымыранға сұраныс артты. Қымыранға жиналған ақшаға аруана алып, мал басын арттырдым. Шұбат, қымыранға қазір сұраныс тіпті мол. Қант диабеті, бауыр ауруларына ем болып, алғысын айтушылар көп. Өзіміздің көлік жүргізушіміздің бір ағайыны ауырып, түйенің зәрі мен қымыранын жиырма күн араластырып ішіп, тамаққа беті қарапты. Тіпті, бұл өзгеріске дәрігерлер де таңқалған».
— Басында қиындық көрмей ешбір іс өрге баспас. Малдың бабын жасау да оңай шаруа емес. Боталар бір жасқа дейін өте әлсіз болады. Уақытында біз де біраз нәрседен тарықтық. Қымыран болған кезде көлік жоқ. Сонда «газельмен» қалаға барып, бөшкемді қоларбаға салып жүріп тарататынмын. Ашып кетпесе, төгіп алмасам деп тырбаңдайтынмын. Бұл кезде маған үш қызым көп көмектесті. Қолқанаттарым сиыр да сауды, күбі пісті, ұлдарым тіпті, қамырыма дейін ашытып қоятын. Орайы келгенде айта кетейін, баланы бес жастан кейін еркелетудің қажеті жоқ. Өзіңмен бірдей көріп ақылдасып, жұмсап отырсаң ширақ өседі. Балаларым осы кезге дейін шаруама қолғабыс болып келді. Қазір міне, шаруашылықтарын дөңгелетіп отыр, – дейді кәсіп иесі.
Отбасылық кәсібін өрге жүздірген Гүлсара ана, мінекей, осындай жан! Қазір осы түйе шаруашылығымен айналысатын «Жаңа жер», «Нұр Шілік», «Нұртас» шаруа қожалықтарында қымыран, шұбат табиғи жолмен дайындалып, жұмыртқа өндірілуде. Үлкен сауда орындарынан тауық жұмыртқасына тапсырыстар көптеп түседі. Одан бөлек ірі компанияларға да тасымаладанады. Қазіргі таңда 13 мың тауықтан күнделікті он мыңнан аса жұмыртқа өндіріледі. Арнайы цехтың шаруасы техникамен басқарылады. Құстарға табиғи, қолдан егілген жүгері дәні азық. «Қажетті дәрумендерді мөлшерінен аз береміз. Қазіргі жұмыртқаларды қайнатсаңыз жиырма минутта әрең піседі, шаққанда іші кілегейге ұқсап жабысып тұрады. Біздікінің іші сап-cары, табиғи болғандықтан көпшілік Шіліктің жұмыртқасы, «Отырарқұс» деп іздеп келеді, осы іспен айналысып жүрген ұлдарымның қарамағында жиырма бес адам жұмыспен қамтылған» дейді шаруа қожалығының төрайымы.
Әулеттің әз анасы
Шаңырағын биік, керегесін кең ұстаған әулеттің Гүлсарадай әз анасының жастарға тағлымы өшпейтін хаттай өнегеге толы.
— Мен кемпір-шалдың келіні едім. Жаңа отауға кіргенімде енем маған кімді қалай атау керектігін түсіндірді. «Мені «апа», әжемізді «әже» деп ата» деген болатын. Солай айтып жүр едім, бір күні әжеміз «мені «апа», оны «жеңге» деп айт» деді. Жолдасымды кішкентайынан бауырына басып өсірген ғой енді, айтқанын екі етпедік. Кейіннен өз енемді абысын деп атадым. Үлкен әжеміз бақилық болған соң ағайын, туғандарға арнап мал сойып, дастархан жайып, көпшіліктің алғыс-батасымен жолдасымның анасын «апа» деп айтуға рұқсат алдық. Қазіргілер арасында мұндай сыйластық қарым-қатынас, дәстүр аттамау салты аса сақталмай кетті. Жастардың өзімбілермендігінен үлкендердің қадірі қашты. Тіпті, балаларға «мына жерден келін ал» деп айтайын десең, кейін тіл табыспай, бетімізге баса ма деп алаңдайтын болып алды. «Пәленшенің қызын көрші»деп жақауратамыз тек… Өзіміз де жас болдық, өмірде неше түрлі жайттармен бетпе-бет келесің. Анам марқұмға сыртымнан құда түсіп келушілерге келісіп қойғанда ренжідім ғой, бірақ үлкеннің сөзінен аса алмадым. Бір ауылда тұрған соң арамызда реніштер болып жатса, анам естімесе, сол кісіге жетпесе деп жүріп талай қиындықты өткердік. Адамдар бауырмал болатын. Үйге қонақ келетін болса шаруадан босамай жатсақ абысын, көршілер күтіп жібере беретін. Мал сойылып, дастархан жайылатын.
Осылайша табысты кәсібінің құпиясын ғана емес, әулеттің әз анасы, ошақтың өнегелі отанасы болудың сырымен бөліскен Гүлсара ана бүгінде бақыттың төрінде! Әдемі қартаюдың нағыз үлгісіндей әжелеріміз мың жасағай!
А.ҚАЛШАБЕКҚЫЗЫ