ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ГЕРМАНИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРМЕН ОНЛАЙН ФОРМАТТА КЕЗДЕСТІ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Германияның «DiaFlux» компаниясының басшысы Теодор Морельмен онлайн форматта кездесті.
Кездесуде германиялық компания Қазақстанда диализаторлар мен гемодиализ өндіретін зауыт салуға ниетті екенін айтып, инвестициялық жоба туралы таныстырып өтті.
Медициналық құрылғы өндірісіне замануи технологияны енгізудің маңызын атап өткен қала әкімі Қазақстанның үшінші мегаполисі елдің жетекші өндірістік және экономикалық орталықтарының бірі саналатынын айтты. Сонымен қатар, Мұрат Дүйсенбекұлы медициналық құрылғы өндіруде жүзеге асырылатын жобалар туралы жоспарларымен бөлісті.
Инвестор таныстырған жобаға сәйкес кәсіпорында гемодиализ аппараты, гемофильтрлер, бикарбонатты магистральдар, шприцтер, фистула инелері өндіріледі.
Кездесу соңында әкім халықаралық медициналық құрылғылар өндірісі саласындағы мамандандырылған компаниямен екі жақты іскерлік қарым-қатынасты орнатуға ниетті екенін жеткізді.
Айта кетейік, диализатор аппараты бүйрек ауруына шалдығып, диализге мұқтаж болған науқастардың қанын тазалау кезінде қолданылады. Бүгінге дейін, арнайы сүзгі қалаға шет мемлекеттерден жеткізіліп келген.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі