ШЫМКЕНТ ӘКІМІ «МЕЙІРІМ ШУАҒЫ» ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Мейірім шуағы» қорының директоры Асқар Молдабекті қабылдады. Кездесу барысында тараптар пандемия кезінде халыққа әлеуметтік қолдау көрсеткен жомарт жандар, дәрігерлер мен тәртіп сақшыларымен бірлесіп еңбек еткен еріктілердің ерен еңбектерін атап өтті.
Осы тұста Асқар Молдабек әлемді жаулаған індет кезінде қор тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылғанын баяндады.
«Жалпы біздің қор балаларды реабилитациялық-түзету, дамыту жұмыстарымен айналысады. Бүгінде тірек-қимыл аппараты бұзылған 120-130 балаға қызмет көрсетіп келеміз. Бұдан бөлек, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде қордың атынан медицина мекемесіне ИВЛ аппараттары мен тұрғындарға дәрі-дәрмек, азық-түлік үлестірілді»,-деді қор директоры.
Қор директорының айтуынша, 2021 жылы қамқорлыққа алынатын отбасы санын 70 отбасыға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Жарқын болашақ» бағдарламасын бастау, әр маусымда «Қайырымдылық концерт» ұйымдастыру, ағаш отырғызу сынды іс-шараларды өткізу жоспарлануда.
Ізгілікті істе ел азаматтарының шет қалмайтынын айтқан қала әкімі, бір ғана Арыс пен Мақтааралда орын алған апаттың салдарын жоюда біздің еліміз жұдырықтай жұмылғанын, ал пандемия кезінде қоғам бірлігін тағы да көрсеткенін атап өтті.
Қайырымдылық қорлары арқылы тұрмысы төмен отбасыларға көптеген көмек берілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырып, азаматтарға қолдау көрсетіп отырған қор ұжымына қала басшысы алғысын айтты.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі