ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРДІ АТАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды.
«Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бүкіл еліміз, оның ішінде Шымкент қаласы қарқынды дамыды. Соңғы отыз жылда Шымкент қаласындағы халық саны 400 мыңнан қазір 1 миллионнан асты. 1991 жылы қалада 72 мектеп болса, бүгінде 202 мектеп өскелең ұрпаққа білім беруде. Тәуелсіздік таңы атқанда 68 мың оқушы болса, қазіргі таңда 250 мыңнан асатын оқушымыз бар. Мәдениет нысандары 52-ден 120-ға жетіп, спорт нысандары 337-ден 900-ге көбейді. 90-шы жылдары қалада 27 денсаулық сақтау нысандары болса, қазір ол 110-ға жетті. Шымкент тұрғындарының орташа жасы 63,9 жастан 71 жасқа артты»,-деді М.Әйтенов.
Осы жылдар ішінде қалада өнеркәсіп өнім көлемі 10 млрд. теңгеден 670 млрд. теңгеге артқан. Қала бюджеті 1 млрд. теңгеден бүгінгі күнде 497 млрд. теңгеге өскен.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі