ШЫМКЕНТ ӘКІМІ XXXII ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА ҚАТЫСАТЫН СПОРТШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы  ғылыми-әмбебап кітапханасында Шымкент қаласының әкімі ХХХІІ жазғы олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады.
23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында өтетін 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына Шымкент қаласының қоржынында бүгінгі күні спорттың 7 түрі бойынша 11 олимпиадалық лицензия бар.
Кездесуде қала басшысы алдағы жауапты жарысқа сәттілік тілеп, жеңіспен келулеріне сенім білдірді.
— Спорт — бұл елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Осы жеңістердің құрметіне Қазақстанның туы мақтанышпен көтерілді. Спортшыларымыз — біздің мақтанышымыз. Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз. Сіздердің жеңістеріңізге сенеміз!- деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Еске сала өтсек, Шымкенттен стенд атудан — Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя; оқ атудан — Юрий Юрков; каратэден — Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев; бокстан — Закир Сафиуллин; көркем гимнастикадан — Алина Адилханова; байдарка және каноэден — Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов; дзюдодан — Галбадрах Отгонцэцэг қатысады.
Сонымен бірге, Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін таңдалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Олимпиада санатындағы төреші, әлемнің 50 үздік төрешілерінің құрамына кірді.
Фото авторы: Азат Дидарбек.