«SHYMKENT CITY» ЖОБАСЫНА 0,5 ТРЛН. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН
Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халқының саны бір миллионға жетерлік Шымкенттің көркі бүгінгісінен де көркем болады!» деген сөзі бар еді. Елбасы айтқандай қала жаңа леппен, жаңа қарқынмен дамып, жыл сайын түрленіп келеді. Республикалық маңызы бар қала статусын алған Шымкентте бүгінде сәулеті келіскен жобалар жүзеге асырылып отыр.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Орта Азиядағы ең көне қаланың жаңа тарихи бейнесін айшықтайтын қаладағы ең ауқымды жобалардың бірі — «Shymkent City». Көлемі 427 гектарды құрайтын қалашық 70 мыңға жуық тұрғынға есептелген. Онда 12 тұрғын үй кешені салынуда. Ондағы құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйдің жалпы шаршы метрі 1,7 млн құрайды. Бұл тұрғын үй құрылысына 0,5 трлн. теңге инвестиция тартылған. Аталған жобаның жүзеге асырылуы туралы «Шымкент» ӘКК ҰК АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Канкин айтып өтті.
Оның айтуынша, баспаналар құрылысының орталығында көлемі 40 га болатын саябақ алаңы орналаспақ. Ал мемлекет қаржысы есебінен 24,5 га құрайтын 1-ші орамда жалпы құны 27 млрд теңгеге 43 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 39-ы — көпқабатты тұрғын үй. Бүгінгі таңда қалашықта 25 нысан пайдалануға берілген, 23 көпқабатты тұрғын үйдегі 1290 пәтер ел игілігінде дейді.
«Бүгінде «Shymkent City» қалашығында 1048 пәтерлі 16 кредиттік тұрғын үй мен 2 инженерлік инфрақұрылым нысаны мен жалпы ұзындығы 13,8 шақырымды құрайтын 7 көшенің құрылысы және 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Енді сол маңнан балабақша салынады. Қажетті инженерлік-инфрақұрылым тартылған. Мұнда өз алдына модульді жылыту қазандығы бар. Ол мекемелер мен тұрғын үйлерді жыл он екі ай ыстық сумен қамтиды»,-дейді Б.Канкин.
Қазіргі таңда «Shymkent City»-де француз сәулет стилінде 16 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Тұрғын үй кешені аумағында заманауи спорт алаңдары, автотұрақ бар.
Сонымен қатар, ол «Шымсити» шағын ауданының құрылысы кешеуілдеп жатқандығы туралы ойға келіспейтінін айтып, қаладағы ірі жобалардың бірі болғандықтан тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, қалашықтың аумағы толығымен игерілгенін, онда бос жердің жоқ екенін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі