ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ 2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ БЕКІТІЛДІ

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс жетпіс үшінші сессиясы онлайн режимде өтті. Жиында негізінен үш мәселе қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Алдымен Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіту мәселесі қаралды.

Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мулкеманов жаңа бағдарлама 3 негізгі бағыттан тұратынын атап өтті. Жаңа форматта әзірленген бағдарлама 14 мақсат, 25 индикаторды қамтыған. Басқарма басшысының айтуынша, 2018-2020 жылдарға арналған бағдарлама аяқталып, оның орындалуы бойынша мәслихатта есеп берілді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов екі жылда үлкен жұмыс атқарған депутаттар корпусына алғысын айтып, келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Қаланың әрі қарай даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды. Өздеріңізге белгілі, 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бойынша екі жылда үлкен істер атқарылды. Енді 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы жаңа форматта дайындалды.

Бағдарламаны әзірлеу барысында қала тұрғындарының талап-ұсыныстары да ескерілді. Тұрғындардың негізінен инфрақұрылымды дамыту, көгалдандыру, қоршаған ортаны жақсарту, денсаулық сақтау саласын дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша ұсыныстары бағдарламаға енгізіледі. Құжатты іске асыруға барлық ресурстар жұмылдырылады. Өздеріңізбен бірлесіп, жылды табысты аяқтап отырмыз. Келе жатқан жаңа жыл мерекесі құтты болсын. Жаңа жылда халқымыз игілікке, бақыт пен шаттыққа кенеле берсін.

Барлықтарыңыздың шаңырақтарыңызға қуаныш, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге береке тілеймін, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, сессияда «2020-2022 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы», «Шымкент қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» қала мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізілді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі