ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ ӨЗ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позиловтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде басқарма басшысы қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін айтып, нақты цифрларды сөйлетті. Бүгінде 74 адам жансақтау бөлімінде жатса, соңғы бір тәулікте 26 науқас қайтыс болған.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласы «қызыл» аймақта. Қаладағы эпидахуал тұрақсыз. Тұрғындарға айтарым: сақтанып жүріңіздер. Ковид жұқтырып, емханаға түсіп жатқан адам саны азаймай отыр. Дәрігердің хаттамасымен ғана емделіңіздер. Өздігінен емделудің салдарынан науқастың көбісі емханаға ауыр халде жеткізіліп жатыр. Сол себепті асқынған ауруды емдеу нәтижесін бермеуде. Дәрігерлер күндіз-түні жанын салып дертпен күресуде. Құрметті қала тұрғындары, вакцина қабылдаңыздар. Аурудың алдын алуға бәріміз бір кісідей атсалысайық! – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда үшінші мегаполисте 7 397 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде 4 809 науқас үй жағдайында амбулаторлық, 2 588 науқас стационарда ем қабылдауда. Ал өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 535 жағдайы тіркелген. Барлық емханалар жанынан құрылған мобильді бригадалар жұмыс жасауда. Егер тұмау белгілері пайда болса өз бетінше ем алмай, бірден учаскелік дәрігерге хабарласу керек екенін, ковидпен ауырған жағдайда антибиотиктер мен түрлі ерітінділерді қабылдау аурудың одан әрі асқынып кетуіне жеткізуі мүмкін екенін қадап айтты. Сондықтан, тұрғындар қандай жағдайда да өз бетімен, ғаламтор арқылы ем қабылдаудан аулақ болса екен деген тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, екпе алу бойынша Шымкент шаhары еліміз бойынша 1-орында тұр. Бүгінгі тиісті контингенттің (536 000 адам) 1-компоненті 70,2%, 2-компоненті 54 пайыз вакцинацияланған. Қыркүйек айына дейін вакцинациялауды толық аяқтаймыз деп жоспарлап отыр.
Екпе алғандар арқаны кеңге салмай, бетпердені шешпей жүруін ескертті.