«ШЫМКЕНТ – ҚАУІПСІЗ ҚАЛА БОЛУЫ КЕРЕК»
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық Полиция департаментінің бастығын қабылдап, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Департамент бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов мемлекеттік органның жарты жылдықта атқарған жұмысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қаланың Бас полицейі есепті кезеңде бірқатар қылмыс түрлерінің саны төмендегенін айтты. Атап айтқанда, тонау, пәтер ұрлығы, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар, қоғамдық орында жасалған қылмыстар саны біршама азайған. Қылмыстың ашылу деңгейі де жақсарған. Мәселен соңғы 3 жыл көлемінде ауыр және аса ауыр санаттағы кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр жарақат салу, зорлау секілді қылмыстар толығымен ашылған.
Қалалық әкімдіктің қолдауымен 109 автокөлік, 550 бейнетіркегіш, 1402 планшет және 400 дана компьютер, 550 бейнежетон және өзге де техникамен қамтамасыз етілген. Қосымша 3740 бейнебақылау камерасы берілмек.
Қала әкімі әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанымен, кейбір қылмыс түрлерінің саны артып, нәтиженің көңіл көншітпейтінін айтты. Шымкентті қауіпсіз қала ету үшін жаңаша реформа әзірлеуді тапсырды. Полиция тарапынан ұсыныс берілсе әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін негізгі индикаторлар белгіленіп, ай сайын соның нәтижесін зерделеп отырудың маңыздылығын, «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша учаскелік полицейлердің жұмысын жандандыруды, көшедегі қайыршыларға назар аудару қажеттігін айтты.
Сонымен бірге, шаһар басшысы тәртіптің тұрақты болуына аса мән беру керектігін қадап айтты. Бір апта рейд болып, келесі аптада қайта тәртіпсіздік орнауы, камераның кейбір жерде істен шығып тұруы, ретсіз сауда орындары мен заңсыз сауда нүктелерінің болуы, ондағы санитарлық талаптардың сақталмауы — қаланың имиждін бұзатын дүниелер екенін айтты.
Жаңа оқу жылының басталуына орай оқушылардың жолдан өту, мектеп ішіндегі қауіпсіздігін назарға алуды тапсырды. Одан бөлек, экополицейлердің жұмысын күшейту керек деді. Біздің мақсат – тұрғындарды жазалау емес, оларға тазалық мәдениетін түсіндіру және қалыптастыру екенін жеткізді.
Халық арасында наразылық тудырмау үшін жаңадан қойылатын камералар туралы халыққа барынша ақпараттық насихат жүргізуді, Ынтымақ-2 шағынауданында криминогендік ахуалды реттеуді, ақылды бағдаршамдар санын көбейтуді, халық тығыз орналасқан елдімекендерге 100 мобильдік полиция пунктін қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі