ШЫМКЕНТ ОНЛАЙН БІЛІМ САПАСЫ БОЙЫНША ЖЕҢІМПАЗЫ
«Үздік ақпараттық технологиялар орталығы – 2020» республикалық байқауының қорытындысы жария етілді. Оған сәйкес, Шымкент қаласының мектептері онлайн білім сапасының көрсеткіші бойынша жеңімпаз атанды.
«Bilim Media Group» ЖШС 2020 жылдың 23 қараша мен 25 желтоқсан аралығында республикалық деңгейде ақпараттық технологиялар орталықтары арасында байқау өткізген болатын. Оған әр өңірдің ақпараттық технологиялық орталықтары, білім саласын цифрландыруға жауапты әдіскерлері қатысып, бақ сынады.
Іс-шараның мақсаты – қашықтан оқыту технологиялары, OnlineMektep (www.onlinemektep.org) сервисі көмегімен елдегі онлайн білім берудің сапасын арттыру және дамыту.
Конкурстың шартына сәйкес, қатысушылар www.onlinemektep.org білім беру платформасын өз өңірі бойынша қолданылу аясын арттыруға үлес қосу қажет. Яғни, BilimLand платформасында аяқталған сабақ саны, оқушылар орындаған үй тапсырмалары, оқушылар орындаған БЖБ/ТЖБ санының көрсеткіштері үздік болуы тиіс.
Жалпы байқауда 15 аймақ үш номинация бойынша – «Республикадағы үздік АТО», «Мегаполистер арасындағы үздік АТО», «Өңірдегі үздік әдіскер» номинациясы бойынша бақ сынады. Мегаполистер арасындағы үздік ақпараттық технологиялар орталығы номинациясына Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласы жеңімпаз атанды.
Айта кетсек, Шымкент қаласы соңғы үш айдан бері онлайн білім сапасының жоғары көрсеткіші бойынша алда келеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі