ШЫМКЕНТ САРЫ АЙМАҚҚА ЕНДІ
Шымкент қаласында 31 наурыз күні КВИ-дің 51 жағдайы тіркелді (белгілері бар — 35, белгілері жоқ — 16). 35 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 16 адам үй бақылауына алынды.
Қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1380 орын бар (қалалық инфекциялық орталық-560, Атамекен клиникасы-500, ЖШС «14 емдеу орталығы»-320 орын), төсек-орын толымдығы 15%-ды құрайды, 949 төсек-орын бос.
Осыған дейін 310 931 (ПТР) зертханалық зерттеу жүргізілген болса, өткен тәулікте 2406 адамнан тест сынамасы алынды.
Сондай-ақ, мегаполистегі карантинге қарамастан, бас санитар дәрігердің қаулысын елемейтіндер көп. Әсіресе, жиын өткізушілер көптеп кездесуде. Мәселен, қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 22 мобильдік топ 31 наурызда 313 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде 15 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғандығын анықтап, әкімшілік хаттамалар толтырған.
Осы орайда, медицина мамандары қала тұрғындары мен қонақтарына карантин талаптарын қатаң сақтауға, өзіңізді және туысыңызды инфекциялық вирустан қорғайтын қарапайым ережелерді ұстануға шақырады.
Айта өтсек, Шымкентте дәрігерлер демалыс күндері де инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстарын жүргізу үстінде.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі