«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ»: 20 МЛН КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен қолға алынған жоба салтанатты түрде ашылды.

Бұл жоба қалада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мектеп оқушыларын салауатты өмірге баулып, ҚР чемпионаттарына команда жасақтауды көздейді.

Спорттың 4 түрінен, атап айтқанда – футбол, баскетбол, волейбол мен шахматтан орта мектеп оқушылары арасында біріншілік ұйымдастырылады. Оларды қолдау бойынша фан-клубтар құрылып, әр команданың атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталды.

Жалпы жүлде қоры 80 млн теңге. Спорттың әр түрінен жеңімпаз атанған командаға 20 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық беріледі. Бұл қаржы мектептің қажеттіліктеріне, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.

Футбол, волейбол, баскетбол ойындары осы жылдың наурыз-мамыр аралығында ұйымдастырылса, шахмат бойынша сайыс қыркүйекте өтеді. Ойын барысында арнайы фан-клубтар команда мүшелеріне жанкүйерлік жасайды.

Жобаға қатысу үшін 4 спорт түрі бойынша 140 мектептен 536 команда өтініш берген.

Сондай-ақ, спорт түрлерінен «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі