ШЫМКЕНТТЕ 1000 АДАМҒА КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНА САЛЫНДЫ

Шымкент қаласында «Sputnik V» вакцинациясының бірінші компонентін салу аяқталды. Екпе алғандар — медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары, жедел жәрдем көрсету мекемелері мен инфекциялық аурухана қызметкерлері және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері.
Бұл жөнінде денсаулық сақтау басқарма басшысы Бақытжан Позилов баспасөз брифингте мәлімдеді.
–Вакцинация жұмысы барлық медициналық талаптарға сай ұйымдастырылған. Қазіргі таңда, екпе егілген 1000 адамның денсаулығы қанағаттанарлық. Вакцинацияланғандар арасында екпеден кейін асқынулар тіркелмеді,- деді Б.Позилов
Індетке қарсы екпенің екінші кезеңі наурыз айында көзделген. Бұл кезеңде педагогтар мен тәртіп сақшыларына егіледі. Аталған сала қызметкерлеріне Qazcovid-In вакцинасы салынады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қазір қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінгі күні қалада 1 060 төсек — орын әзірленген (жұқпалы — 560, карантин — 500), оның 890-ы бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 170 науқас ем қабылдауда. Науқастардың толымдылығы 16% құрап отыр (оның ішінде КВИ 31,ЖРВИ 113, пневмония 26,карантиндік 0).
Айта кетейік, індеттің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жасалған. А – ағымдағы жағдайға 1 220 төсек орынды қамтылса, жағдай нашарласа төсек-орын санын 4 016-ке дейін артады. Ал, эпидемиологиялық дағдарыс орын алса 5 416 төсек-орын ашылады.
Фото: Береке Сейітжаппар
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі