ШЫМКЕНТТЕ 11 ЖЕҢІЛ КӨЛІК ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

2020 жылдың тамыз-қараша айларының ішінде Шымкент қаласының тұрғындарынан «Дэу Нексия» маркалы автокөліктерін ұрлап кеткені бойынша полицияға 11 арыз келіп түсті. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне тіркелген.
Тексеру барысында қылмыстың барлығына бір адам қатысы бар екені анықталды. Айта кететін жайт, автокөліктердің басым бөлігінде қауіпсіздік жүйелері төмен деңгейде болуына байланысты қылмыскер үшін оңай олжаға айналған. Қылмыскер машиналарды темір сызғышпен ашыпты. Көлік ішіне кіріп, от алдыру тетігін бұзып, моторды қосқан да, Daewoo-ны қауіпсіз жерге жеткізген. Онда көліктің нөмірін шешіп, ресейлік жалған нөмір орнатқан.
Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қабылдаған іс-шаралардың арқасында қылмысқа барған күдіктіні ұстап, ұрланған және өзге тұлғаларға сатып жіберген 6 автокөлік  айғақты зат ретінде тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Сондай-ақ, 2 автокөлікті бөлшектеп сатып жібергені туралы белгілі болды. Ал әлеуметтік желісі арқылы сатып жіберген 3 автокөлік бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда күдікті ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау абақтысына жеткізілген. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кететін жайт, жыл басынан полиция қызметкерлерімен 68 автокөлікті заңсыз иемденіп алу және басқару жайттары бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 54 дерек бойынша қылмыскерлер анықталып, құрықталған. Қалған 14 дерегі бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Құрметті тұрғындар автоұрылардың құрбаны болмау үшін қауіпсіздік шараларын ұмытпай полицейлердің келесі кеңестеріне құлақ асып, алдын ала сақтанып жүруді жөн санайық!
1-кеңес: Автокөлікті қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – сапалы сигнализация, блок құралдарын орнату және «GPS» навигациялық жүймесін жабдықтау;
2-кеңес: Көліктеріңізді сенімді автотұраққа, бейне бақылау камерасы бар орындарға қою;
3-кеңес: Көлігіңізді бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыз;
4-кеңес: Көлігіңізді аз уақытқа қалдырсаңыз да міндетті түрде есігі құлтанғанына сенімді болу;
5-кеңес: Автокөліктің ішінде бағалы заттарды, ақшаларды және құжаттарды қалдырмаңыз.
Автокөлік ұрлаған, заңсыз иемденген не басқарған жағдайда азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188 немесе 200-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, полицейлер азаматтарды көліктің ұрланған бөлшектерін сатып алуға қарсылық танытуды сұрайды. Ұрланған заттарға наразы болу қылмыстың жолын кесу болып табылады. Ұрлық жайтының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» сымтетігіне хабарласуыңызды сұрайды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі