ШЫМКЕНТТЕ 5 ЖЫЛДА 3 МЛН ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласында 5 жыл ішінде шамамен 3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 47 мың пәтер салынбақ.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновке қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 2020 жылда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарлары жөнінде баяндады.

Оның айтуынша Тұрғын үй басқармасы үш басты бағыт бойынша жұмыс жасайды. Атап айтқанда, кезек ретімен тұрғын үймен қамту; жеңілдетілген несиелер арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету; тұрғын үй қорын жаңғырту.

Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы негізінде 5 жыл ішінде шамамен 3 млн. м2 тұрғын үй немесе 47 мың пәтер салу жоспарланған.

— 2020 жылы (нақты) – 649,1 мың м2 (бюджет – 374,9 мың м2, инвестор/жеке құрылыс – 274,2 мың.м2);
— 2021 жылы – 661,0 мың м2 (бюджет – 286,2 мың м2, инвестор/жеке құрылыс – 374,8 мың.м2);
— 2022 жылы – 602,8 мың м2 (бюджет – 180,84 мың м2, инвестор/жеке құрылыс – 422,0 мың.м2);
— 2023 жылы – 610,8 мың м2 (бюджет – 183,24 мың м2, инвестор/жеке құрылыс – 427,6 мың.м2);
— 2024 жылы – 624,1 мың м2 (бюджет – 187,23 мың м2, инвестор/жеке құрылыс – 436,9 мың.м2);
— 2025 жылы – 632,3 мың м2 (бюджет – 189,69 мың м2, инвестор/жеке құрылыс – 442,6 мың.м2).

Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін басқа өңірлердің тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған кезектілік тізімдеріне жүргізілетін түгендеуді аяқтаған соң, Шымкент қаласы тұрғын үй берудің бірыңғай жүйесіне көшіру жоспарлануда.

Жалпы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде тіркелгендер саны – 42 269 азаматты құрауда (2020 жылдың басында 40 516 болған). Оның ішінде: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар-1685; көпбалалы отбасылар- 6 774; халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы- 14 102;мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер -19 681; жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар -27.

Фото: Береке Сейітжаппар

Қосымша сұрақтар бойынша: 109

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі