ШЫМКЕНТТЕ 6 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК БАР
Шымкент — жасыл желегі жайқалған қалаға айналады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында 5 жылға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Бұл жөнінде онлайн форматта өткен есепті кездесуде қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты.
Шымкенттің о бастан жасыл қала болғанын еске алған қала басшысы келушілерді бірден жылылыққа бөлейтін ауа райымен ерекше — Шымкент қаласын бақ қалаға айналдыру қажет екенін атап өтті.
«Біздің есебіміз бойынша қалада 6 миллионға жуық жасыл желек бар. Былтыр 2021-2025 жылдар аралығында «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспарын бекіттік. Жоспар бойынша 6,5 млн түп ағаш егеміз. Биыл күзде бастаймыз. Қаладағы ағаш қоры екі есеге артады»,-деді М.Әйтенов.
Сонымен қатар, қалада жалпы аумағы 244 гектарды құрайтын 9 саябақ пен 37 гектарлық 39 гүлзар мен аллея бар. Қалада 40 гектарға жуық жерге «Шымситиден» саябақ салу, сонымен бірге төрт гүлзар салу көзделуде.
Бұдан бөлек, қалаға ауаның ластануын қадағалайтын 26 датчик орнатылады. Сол датчиктердің ақпараты қаладағы ЛЭД-экрандар мен телеарналардан және әлеуметтік желілер арқылы беріліп отырады.
Қаланы қолайлы қала ету үшін оның сәулеті мен көркіне де көңіл бөлініп жатқанын айтқан әкім өткен жылы демеушілер есебінен 77 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңарғанын жеткізді.
Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі