ШЫМКЕНТТЕ «ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІНІҢ» АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Біздің қоғамда жалғызбасты аналардың мәселелері әрдайым өзекті болып келді. Ажырасу көбейгені жасырын емес, соның салдарынан толық емес отбасылар да көбейіп отыр. Қазақ қоғамында бұрын болмаған құбылыс – жалғызбасты әкелер пайда болды. Перзенттерін өзі асырап-тәрбиелеп отырған әкелердің де өміріне үңілсек қиындықтар аз емес,- дейді «Шаңырақ» орталығының мамандары.
«Шаңырақ» орталығында бастау алып отырған «Әкелер мектебі» жобасының аясында жаңа бағыттағы жұмысты қолға алды.
Тағдырдың түрлі сынағымен жалғыз қалып, өз балаларын өзі өсіріп отырған әкелердің де өзекті мәселелерін ортаға салып, келешекте бірлесе жұмыс істеу мақсатында Орталыққа 11 жалғызілікті әке тіркеуге алынып, «Әкелер алқасы» құрылды. Бұл алқа құрамына 4 ер-азамат сайланып, бүгін Орталық ғимаратында олардың алғашқы кездесуі өтті.
Кездесуге кәсіби медиатор Нұрбала Оразкулова, Жастар ресурстық орталық мамандары және «Шаңырақ» орталығының қызметкерлері қатысты. «Әкелер алқасының» жұмыс жоспары жасалып, айына бір рет өзекті мәселелерді талқылау мақсатында жиын ұйымдастыру жоспарланды.
Сонымен қатар осы ұлағатты әкелерімізге Орталық тарапынан жан-жақты көмек берілетіні айтылып, бағыт-бағдар беріліп, балаларына Жастар орталығы тарапынан ақысыз курстар оқу мүмкіндігі ұсынылды. Оған қоса балаларын Жастар орталығына аптасына бір рет кинозалға тегін апару мүмкіндігі де бар.
Кездесу соңында «Фиркан-сити» балалар ойын орталығының демеушілігімен ана қамқорлығынан айырылған балаларға бір реттік тегін ойын билеттері сыйға стартылды.
Келешекте Жастар ресурстық орталығы мен «Шаңырақ» орталығы осы бағытта бірлескен жұмыстар жүргізеді.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы