ШЫМКЕНТТЕ «АЛАШ АРЫСТАРЫ» ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласында «Алаш арыстары» ескерткішінің салтанаты ашылу рәсімі өтті. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, «Алаш арыстары» ескерткішінің идея авторы Бекет Тұрғараев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қала әкімі көпшілікті ескерткіштің ашылуымен құттықтап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.- Күні кеше отандастарымыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін сән-салтанатымен атап өтті. Болашағын баянды еткен мемлекет, өз тарихын айрықша қастерлеп, дара тұлғаларын, ел болып еңсе көтеруге қызмет еткен асыл азаматтарын ерекше құрметке бөлейді. Уақыт озған сайын ұлт азаттығы үшін аянбай күрескен Алаш қайраткерлерінің даналығын, даралығын, кемеңгерлігін айқын сезініп келеміз. Олардың өмір жолы біз үшін, болашақ ұрпақ үшін – тағылым алар тәрбие. Мұндай кешендер – жастарымызды отаншылдыққа тәрбиелеп, өз еліне, жеріне, өткені мен болашағына деген сый-құрметті қалыптастыру құралы деп білеміз, — деді қала әкімі.

Композициялық мүсін Шымкент қаласының орталық саябағы аумағында орналасқан. Тұғыр гранитпен қапталған. Мүсіндердің биіктігі — орташа есеппен 210 см. Тұғырдың ұзындығы — шамамен алты метр, ені — шамамен үш метр.

Жиында композициялық мүсінге гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі